Бизнес және экономика

Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы өткен жылды қорытындылады

 

Басқарма қызметкерлері жиын басталмас бұрын журналистерді әр бөлімнің жұмысымен таныстырып өтуді жөн санады. Солардың бірі – мүгедектерді оңалту бөлімі. Бүгінде осында көмек сұрап келген мұқтаж жандардың әрқайсысы жайлы ақпарат арнайы базаға тіркеліп отырады.

Лариса Шереметьева, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім бастығы:
– Бұл бағдарлама республика бойынша қолға алынған. Мұнда қажетті көмек, әлеуметтік қолдау көрсету, мүгедектерді оңалтуға қатысты қосымша ақпарат беріледі.

Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі 29 мың адам бар екен. Өткен жылы әлеуметтік қолдауға зәру 789 мүгедек жанға көмек көрсетіліпті. Бұл мақсатта 153 млн теңге қаржы игерілген. Әлеуметтік мекемелер қызметін үйлестіру бөлімінде де электронды тіркеу жүргізіледі.

Сәуле Баймұқанова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім бастығы:
– Мүгедектігіне байланысты үйінен шыға алмайтын 1 мың 600 адам ерекше күтімді қажет етеді. Оларға оңалту мекемелерінде ем алуы үшін жолдамалар беріліп тұрады. Сондай-ақ, 8 қызмет түрі бойынша, негізінен әлеуметтік-тұрмыстық және медициналық көмек көрсетіледі.

Еңбек нарығын талдау және мониторингтеу бөлімінде жұмыссыз солтүстікқазақстандықтар жайлы ақпаратты білуге болады. Бос орындар туралы мәлімет арнайы сайтта жазылған.

Елена Ковтун, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
– Жұмыс берушіден келген арыздың бәрі автоматты түрде «еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінде тіркеліп отырады.
Бос орындар бойынша түзетулер мен мәліметтер күнделікті жаңартылады. Бұл мәліметтердің бәрі «enbek.kz» мекен жайы бойынша бірыңғай республикалық базаға енгізіледі.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 1000-нан аса адам әлеуметтік жұмыспен қамтылыпты. Сондай-ақ, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары жүргізілген.

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
-Биыл шамамен 340 адамды қайта даярлау курстарына жіберуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, 600 әлеуметтік жұмыс орнын ашу ойымызда бар.
Ал, жастар практикасы бойынша 700-ден астам адамды жұмысқа тарту керек.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша өткен жылы өз кәсібін дөңгелетемін дегендерге 600 млн теңгеге 268 несие берілген.

Әспет Әбдірешова