ТЖ

Қыстың соңғы күні әлекке салды

Солтүстікқазақстандық синоптиктердің болжамдары расталды. Таң атқаннан облыс аумағында боран соғып тұр. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетіп отыр. Онымен қоса жапалақтап жауған қар толастар емес. Мұндай ауа райында жолдағы жағдай да қиындайды.Петропавлдық көлік жүргізушілері жылдамдықты сағатына 20 километрден асырмайды.Ауа райының күрт бұзылуы облыс орталығының тұрғындарына ғана емес, өзгелерге де қолайсыздық туғызды. Көкшетау мен Сергеевка бағытындағы тас жолдар жабылды.

 

Автобустар тек қала маңындағы елді мекендерге ғана қатынайды. Астана, Қостанай және Қарағанды қалаларына жиылып, билет алғандар да ауа райының жақсаруын күтуге мәжбүр. Қаладан тек жеңіл көлікпен ғана шығуға болады. Алайда қауіпсіздік шараларын естен шығармаған жөн. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүргізушілер мен олардың жолаушыларына ұялы телефонды ұмытпай, бірге алып жүруге кеңес беруде.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
– Егер қар құрсауында қалсаңыз, 112 нөміріне қоңырау шалып, тұрған жеріңізді хабарлау қажет. Жолға шыққанда оттық, бірнеше майшам және күрек алып шығуды есте сақтаған дұрыс.  

Мұндай ауа райының кесірінен өңірімізде көлік кептелісінің 11 фактісі тіркелген. 344 жолаушысы бар 139 машина қар құрсауында қалыпты. Жергілікті синоптиктердің болжауына қарағанда боран түн ортасында басылып, ауа температурасы күрт төмендемек.

Айдана Демесінова