Билік

Өңір басшысының Тимирязев ауданына жұмыс сапары

Тимирязев аудандық ауруханасы өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 42 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Емхана екі маманмен толығыпты, десек те әлі де жеті дәрігер қажет. Медицина академияларының биылғы түлектерімен келісім шарт жасалып қойған. Олардың үшеуі бірден келісім беріпті. Аграрлық-техникалық колледж де өңір басшысының назарынан тыс қалмады.

 

Мұнда аспазшылар мен ауылшаруашылығы мамандары даярланады екен. Қазіргі күні 130-ға жуық жас білім алып жатыр. Тимирязевте «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында жеті баспана салынуда. Облыс әкімі жауапты басшыларға құрылысты діттеген мерзімде аяқтауды міндеттеді. Мемлекеттік қолдауды дер кезінде пайдаланып қалғандардың бірі «Кэсс» серіктестігі. Ұн үгу кешені былтыр

Түркиядан 800 миллион теңгеге арнайы қондырғылар сатып алып, екінші желіні іске қосқан. Кәсіпорын қазір күніне 600 тонна ұн үгуге қауқарлы. Ауданның тыныс- тіршілігімен танысып болғасын аймақ басшысы «Нұр Отан» партиясының филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

 

Болат Жақын Павлодар-Пресногорьков бағытында қатынайтын поездың ауданға төрт күнде бір келетіні халыққа қиындық тудырып отыр дейді. Самат Ескендіров сұрақты өзінің жеке бақылауына алатындығын жеткізді. Мария Савальеваның сауалы да теміржол саласына қатысты. Сулы станциясында бір кездері теміржол вокзалы болған. Бірақ бүгінгі күні ол жарамсыз күйде көрінеді. 

Самат Ескендіров, «НҰР ОТАН» ХДП СҚОФ төрағасы,СҚО әкімі:

-Қыркүйек, қазан айларында күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Яғни вокзал жаңа кейіпке енеді. Біз бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстаймыз. Арнайы компьютерлер қойылып, қажетті қондырғылардың барлығымен қамтамасыз етіледі.

Самат Ескендіров жұмыс сапарының соңында Тимирязев ауданының активімен кездесті. Жиында аудан әкімі Қайрат Қасенов былтырғы атқарылған істерді қорытындылады. Қордаланған мәселелер де жоқ емес. Халық елден үдере көшуде, құрылыс саласы тұралап қалған. Қылмыс саны артуда. Жұмыссыздық басым. Еңбекақы көрсеткіші бойынша аудандар арасында 11-ші орында тұр. Мемлекеттік индустриялды-инновациялық даму бағдарламсын жүзеге асыруда да олқылықтар бар.

Самат Ескендіров,СҚО әкімі:

-Ауданда өнеркәсіп өндірісі бойынша бір де бір жоба жүзеге асырылмаған. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы тиісті деңгейде атқарылмай келеді. Білім саласында да алға жылжу байқалмайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша аудан алтыншы орында. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде ешқандай жоба атқарылмаған. Шағын және орта бизнеспен айналысамын дегендердің де саны аз.

Ауданның әлеуметтік дамуын қатаң сынға алған облыс әкімі, жергілікті атқа мінерлерге олқылықтарды жуық арада жоюды міндеттеді.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Экономика басқармасына ауданда несие беретін ұйымдардың жұмысын ретке келтіруді тапсырамын. Жағдайды тез арада оңалту қажет. Елбасы қойған тапсырмалардың барлығы уақтылы жүзеге асырылуы тиіс.

Докучаев селосында соңғы жылдары мектепке дейінгі тәрбие ошағына деген сұраныс артып келеді. Балабақша кезегі өскен. Ауданда жол мәселесі де өткір. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын бірлесіп қарастыратындарын жеткізді.

Материалды “Қазақстан-Петропавл” арнасының тілшілері әзірледі