Білім

60 оқу орны электрондық оқыту әдісін енгізуде

 

 

Назгүл Балағанова қазақ мектеп-гимназиясында математика пәнінен сабақ береді. Электрондық білім беру жобасының енгізілуіне байланысты енді әр баланың бағасын ол бұрынғыдай қағаз бетіне емес, моноблок арқылы электрондық журналға енгізіп отырады. Мұғалімнің сөзіне қарағанда, мұндай оқыту жүйесі өте тиімді. Электронды білім беру жүйесінің шеңберінде қазақ мектеп-гимназиясының материалдық-техникалық базасы нығая түскен. Бүгінде білім ошағында 46 оқу кабинеті бар. Олардың 30-ында мұғалімдерге арналған моноблок, 2 жылжымалы интерактивті тақта мен бір мобильді компьютерлік сынып бар. Жаңа жобаның арқасында оқушылардың оқу үлгерімі, жетістіктері мен сабаққа қажетті мағлұматтардың бәрі электронды күнделікке енгізіледі.  Электронды «e-learning» бағдарламасы облыс аумағындағы 60 білім беру мекемесінде жүзеге асырылуда.

Гүлнар Арықпаева, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:
– Электронды оқыту wi-fi интернет жүйесіне қосылуды, заманауи жабдықтар: компьютер, моноблоктар, планшеттерді қажет етеді. Бұл жоба білім беру мекемелерінің 5 түріне: бастауыш мектеп, негізгі, ауыл, қала мектептері мен колледждерге арналған. Бүгінде бұл бағытта облыста 2 негізгі мектеп, 4 колледж, 8 қала және 45 ауыл мектептері осы жүйеге қосылған.

Биылғы оқу жылында тағы 35 білім беру мекемесін электронды білім беру жобасына қосу жоспарланып отыр.

 

Әспет Әбдірешова