Құқық қорғау органдары

Жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік бейімдеу

 

 

Солтүстік өңірлерде 2011 және 2012 жылдар аралығында 11 мыңнан астам азамат жазасын өтеп шыққан. Алайда олардың ішінде тұрақты табыс көзімен қамтылғандары аз. Бұл тұста әкімдіктердің тиімді жұмысқа кірісуі қажет дейді Азамат Шамбилов. Өйткені темір тордың ар жағынан шыққандарды әлеуметтік бейімдеу жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген.

Азамат Шамбилов, «Renal Reform International» ұйымы Орта Азиядағы өкілдігінің жоба үйлестiрушiсi:
Солтүстік өңірге келген мақсатымыз – аймақтағы әкімдіктердің жұмысын нығайту болып табылады. 2010 жылы Елбасының Жарлығымен бұл жұмыс әкімдіктердің қарамағына берілген болатын. Өкінішке қарай, жұмыс қажет деңгейде жүзеге асырылып отырған жоқ.

Қазіргі таңда Шымкент және Павлодар қалаларында ғана түрмеден шыққандарды әлеуметтік бейімдеу орталықтары жұмыс істейді. Мұндай мекемелерді әрбір аймақтарда ашу жоспарда бар. Жиынға қатысушылар бұрынғы сотталушылардың әлеуметтік бейімделуі рецидивті қылмыстың төмендеуіне септеседі деген ойда.

Нигмат Күбенов, Павлодар қаласының қылмыстық жазасын өтеп шыққандарды оңалту және бейiмдеу орталығының директоры:
-Біздің орталықтың құрылғанына 10 жылдан астам уақыт болды. Қазіргі таңға дейін 775 адамға көмек көрсеттік. Жазасын өтеп шыққандардың басты проблемалары: тұрғылықты баспана табу, құжаттарын дұрыстау және жұмысқа орналасу болып табылады. Бұнымен айналысатын арнайы мамандар бар.

Жиынға қатысқан халықаралық сарапшы Владимир Бочаров бұл бағытта украиналықтардың тәжірибелері жайлы сөз етті.

Владимир Бочаров, қылмыстық жазасын өтеп шыққандарды оңалту және бейiмдеу орталықтарын құру жөніндегі сарапшы, Украина:
Еліміздің әр өңіріне жыл сайын 1 мыңнан 3 мыңға дейін жазасын өтеп шыққандар келеді. Олардың 80 пайызының тұрғылықты баспанасы жоқ, жұмыспен де қамтылмаған. Бұл облысқа келген 3 адамның екеуі өздерінің құқықтарын қолдана алмайды деген сөз. Сондықтан біз оларды әлеуметтік бейімдеуге ерекше көңіл бөлеміз.

Жиында шетелдіктердің тәжірибесін елімізде қолдануға ниет танытып отырғандар табылды.

Инеш Шоқақова