Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысы облыс орталығында әлеуметтік нысандарды аралады



 

 

Өңір басшысының тұрғындар алдындағы есебінде бірқатар ұсыныстар айтылған болатын. Солардың бірі Омбы айналма жолына шығатын орталық көшелердегі көлік кептелісін азайту. Ол жаққа тек Жамбыл және Мир көшелері арқылы баруға болады. Ал Жұмабаев көшесін Уәлиханов көшесіне жалғаса бұл мәселе шешімін табары сөзсіз.
Бұдан соң Самат Ескендіров «Қарасай» стадионында болып, ондағы хоккей кортының жұмысымен танысты. Бүгінде онда тек спортшылар ғана емес, сонымен қатар демалыс күндері және кешкілік уақыттарда қарапайым тұрғындар коньки тебумен айналысады екен. Ол жайында облыс әкіміне стадион директоры Марат Шәріпов әңгімелеп берді. Спорт нысанында өңір басшысы сондай-ақ гимнастика және волейбол залының жағдайымен танысты. Қала көркі жыл санап артып келеді, ал оны одан әрі де ажарландыруда заманауи ғимараттар артықтық етпесі анық. Облыс орталығын аралау барысында аймақ жетекшісі қаланың кіре берісі саналатын ДСР ауданында болды. Жамбыл көшесінің бас жағында жекеменшік үйлер көптеп шоғырланған. Жай күйлері әр қалай. Болашақта олардың орнына заманауи көпқабатты тұрғын үйлер салынбақ. Алайда ол болашақтың еншісінде. Жамбыл мен Челюскин көшелерінің қиылысында бой көтерген 9 қабатты тұрғын үй де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Бас мердігер -“Казградстрой- НС” серіктестігі. Баспана 100 пайызға жуық дайын. Мұндағы пәтерлердің шаршы метрінің құны әр қалай. 135 мыңнан 175 мың теңгеге дейін барады. Бағаның әр түрлі болуы қабатқа байланысты дейді серіктестік басшысы Александр Авдеев.
Жамбыл көшесінің бойында алдағы уақытта бұдан басқа да жаңа үйлер тұрғызылмақ. Ал оларға жылу мен ыстық су нормаға сәйкес берілуі үшін қосымша насос станциясын орнату қажет. Алайда қолайлы жер керек. Оған тиімді тұстардың бірі Киров атындағы зауыттың алаңы. Себебі онда бос жер бар. Кәсіпорын басшылығы келісіп отыр. Бұдан соң өңір басшысы зауыттың құрастыру цехының жұмысымен танысты. Бұл жерде қазір “Отау ТВ” сандық телевизиясының қондырғылары жинақталу үстінде. Кәсіпорын жетекшісі Марат Әбілмәжінов өнімге сұраныс бар дейді. Облыс әкімі «Коммуналдық базарда» болып ондағы азық-түлік бағасымен де танысты. Бұл жерде қазір тұрақтандыру қорының екі сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Жұмыртқаның 10 данасы 150, сәбіз 75, пияз бен картоп 50, күріш пен қарақұмық 130, сұйық май 240 теңгеден саудалануда. Алайда сөредегі тауарлар саусақпен санарлық. «Тайга» базарындағы бағалар да осы шамада. Тұтынушылардан сұраныс бар дейді сатушылар.Тауар бұл жерде де аз көрінеді. Өңір басшысы тұрақтандыру қоры нүктелерін күнделікті тауармен қамтамасыз етуші тұлғаларға, өнім түрлерін арттыру қажеттігін міндеттеп, сөрелердің бос болмауын қадағалауды тапсырды. Өңір басшысының облыс орталығын аралаудағы мақсаты – есептік кездесуде тұрғындар тарапынан түскен өтініштер мен талап-тілектерді шешуге бағытталған. Оның барлығы халық игілігі үшін қажет.

Самат Есмағи