Энергетика

Жылу-электр орталығында жабдықтарды жаңарту жалғастырылуда

Өңір жетекшісіне алдымен қалалықтарды жылу және жарықпен қамтитын қазандықтар цехының жұмысы көрсетілді. Мұнда былтыр қолданыс мерзімі өткен 2 агрегат толығымен жаңартылыпты. Заманауи пештер ескісіне қарағанда үнемді әрі қуаттылығы әлдеқайда артық. Іске қосылуымен әрбірі энергияны 2 есеге, бу өнімін 90 гигаколорияға ұлғайтыпты. Инвестициялық бағдарлама аясында құрылысқа 2,765 млрд. теңге жұмсалған. Биыл қолданыстағы 11 қазандыққа тағы біреуі қосылатын болады.

Мүмкіндігі зор нысанның 60 пайызы қаланыпты. Қазандық сағатына 270 тонна жылу өніреді деп күтілуде. Қайта құру және жаңғырту бағдарламасы аясында турбиналардың да тең жартысын озық үлгісіне алмастыру көзделген. Мына 4-ші агрегатты үстіміздегі жылдың аяғына дейін қолданысқа беру жоспарланған. Бүгінде шаруаның 30 пайызы тындырылыпты. Штаттық құрамдағы және мердігер компаниялардың 180-ге жуық құрылысшысы турбинаны алмастыру ісіне білек сыбана кірісіп кетті.

Виктор Бармин,Петропавл қалалық ЖЭО директоры:
– Бұл жұмыс оның экономикалық көрсеткіштерінің жоғарылауы үшін қажет. Заманға сай қондырғы электр энергиясын 33 мВт-қа артық шығаратын болады. Қоршаған ортаға зиянды газдың, күкірт қалдықтарының шығуын да әлдеқайда азайтады. Сапасы да ұзақ жылдар бойы жөндеуді қажет етпейді. 2014 жылы тағы 2 турбина жаңартылады.


Кең көлемдегі барлық күрделі жобалардың арқасында жылдық қуаттылық 350 млн. мВт артты. Негізгі қондырғылардың 40 пайызы жаңарып қалған. Бұл қажекттілікті артығымен қамтып, тұтынушыларға қызметтің үздіксіз жетуіне мүмкіндік жасайды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Бүгін ЖЭО жұмысымен танысып, 2009 жылдан бері басталған күрделі жөндеулердің жұмысын қарадық. 4 жылдың ішінде 20 млрд. теңге бөлінген. Бұл біздің облыс тарифінен шыққан қаражат,станция 350 мВт беріп жатса, 150 мВт біздің облыстан шетке сатылып, 200-і өзімізге қалып жұмыс істеп жатыр. 2013 жылы тағы бір турбина жұмысқа қосылады. Ол облысқа үлкен жетістік деп санаймыз.


Жарты ғасырдан астам тарихы бар орталық бүгінде өңірдегі 5,5 мыңға тарта кәсіпорын мен 412 мың тұрғынды жарық көзімен, 204 мың адамның баспанасын жылумен қамтамасыз етеді.

Жеңіс Ермұқанов