Құқық қорғау органдары

Тайыншадағы түнгі рейд

Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты үш күн ішінде 17 әкімшілік хаттама толтырылған. Жасөспірімдердің төртеуі түнгі уақытта көңіл көтеру орталықтарынан ұсталыпты. 10 оқушы атааналарының қарауынсыз көше кезсе, 7 себепсіз сабаққа бармай жүргенде тіркеуге алынды.

Абай Тастеміров, Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы:
– Ата-аналар және мұғалімдермен осындай бақылау жұмыстарын жиі шығамыз. Өткен жылғы рейд шараларымен салыстырғанда,түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз көше кезген жасөспірімдер саны айтарлықтай азайған.


Балалардың көше кезіп, теріс жолға түсуі немесе бұзақылыққа бой алдыруы ата-анаға да байланысты. Мұндай оқиғалар негізінен бала тәрбиесіне көңіл бөлмейтін отбасыларда жиі кездеседі. Сол себепті де тәртіп сақшылары бұрын істі болған азаматтар, әлеуметтік тұрмысы нашар жанұялар мен маскүнемдердің пәтерлерін тексеріске алды.

-Ішімдік ішетін болсаңыз, сот арқылы ата-ана құқығынан айырыласыз. Бірақ қазір арақ ішпей жүрсіз, бұл мақтарлық, үй іші де таза, жиналған. Сізге бәрі түсінікті ме ?

Соңғы уақытта мас күйінде рөлге отырып, жол ережесін бұзудың салдарынан көлік апаттары да жиіледі. Сондықтан полицейлер республикалық маңыздағы жолдарды да қатаң бақылауға алған.

Абай Тастеміров, Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы:
– Тайынша ауданы Ақмола облысымен шекаралас. Сондықтан қылмыстардың алдын алу мақсатында біз демалыс және мереке күндері «Омбы мен Көкшетау» тас жолының бойында
арнайы бекеттер қоямыз.

Тайынша өңірдегі халық көп шоғырланған аудандардың бірі. Тәртіп сақшылары сол себепті де аталған рейд шарасын осында өткізуді жөн көріпті.

Әспет Әбдірешова