Білім

Республикалық ғылыми жобалар сайысынан солтүстікқазақстандықтар олжалы оралды

Ғылыми жобалар сайысына бір жұпта өз жұмыстарын дайындағандардың бірі – Екатерина Милютина мен Алмас Каршалов. Олардың ғылыми еңбегі ағылшын тіліндегі сөздік орамдарды орыс және қазақ тілдеріне аудару деп аталыпты. Бірінші орынға лайық деп танылған жобаны оқушылар бір жыл бойы зерттепті.

Екатерина Милютина, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Лорд» мектеп-лицейінің оқушысы:
-Республикалық сайысқа бірінші рет қатыстық. Өткен жылы бұл кезеңге өте алмаған болатынбыз. Біздің тақырыбымыз өзекті деп санаймын. Себебі Елбасының өзі үш тұғырлы тіл саясатын қолдап отыр.


Алмас Каршалов, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Лорд» мектеп-лицейінің оқушысы:
-Біздің ғылыми жобамыз тілтанумен байланысты. Біз ағылшын конс
трукциясын зерттедік және оның орыс және қазақ тілдеріне аударылу тәсілдеріне өз жобамызда сипаттама бердік.

Ғылыми жобалар сайысына негізінен информатика және химия пәндері бойынша қатысқандардың саны көп дейді оқушылар. «Лорд» мектеп-лицейінен республикалық сайысқа барлығы 10 оқушы жолдама алыпты. Жүлделі орындарға ие болғандардың көбі жұмыстарын химия пәні бойынша жазған.

Андрей Ухналев, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Лорд» мектеп-лицейінің оқушысы:
-Біздің өңірімізде дәрі өндірісі үшін қажетті шикізат, яғни пайдалы өсімдіктер өте көп. Неге солардан дәрі жасамасқа. Бұл
халық үшін өте тиімді әрі қолжетімді болар еді. Өз жұмысымда өсімдіктердің химиялық құрамын зерттедім.

Облысымыздан ғылыми жобалар сайысының республикалық кезеңіне 29 оқушы барған. Олардың басым бөлігі жақсы нәтижемен оралды.

Маргарита Грушина, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Лорд» мектеп-лицейінің мұғалімі:
-Қатысушылардың еңбектерін профессорлар мен академиктер бағалады. Өткен жылы сайыста 402 оқушы білімін сынаса, биыл олардың саны 600-ден асады. Бұл оқушылардың ғылымға деген қызығушылығының артып отырғанын көрсетеді.

Аталған байқау жеткіншектердің білімдерін шыңдауға септеседі.

Әспет Әбдірешова