Денсаулық сақтау

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай

Қазіргі уақытта өткір респираторлық вирусқа шалдығу қаупі жоғары. Сондықтан бұл дертпен ауыратындардың қатары артып келеді. Жұқпалы індет, әсіресе, кішкентай балаларға қырғидай тиіп отыр. Мәселен, №1 орта мектепке оқуға келушілердің саны осы себеппен сиреп бара жатқан көрінеді. 3-ші «б» сыныбында 32 оқушы білім алады. Бүгін олардың алтауы сабаққа келмеген. 

Надежда Ромаренко, М. Айтхожин атындағы № 1 жалпы білім беретін инновациялық орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
– Соңғы екі аптада сабақ босатқандар көбейді. Ата-аналар мұны тұмаудың бас көтеруімен түсіндіріп отыр. Балалардың дене қызуы көтеріліп, жөтелі үдеген. Өткен аптада 6-уы ауырып қалған. Енді олар жазылып шықты. Алайда тағы 6
шәкіртіміз осы дертке шалдықты.

Соңғы 2 аптада тұмаудың белгілерін айтып жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінетіндердің қатары қалыңдаған екен. Бүгінде қала тұрғындарының шақыруы 30-40 пайызға ұлғайған көрінеді. Әсіресе, кішкентай балалары бар ата-аналардан қоңыраулар жиі түседі.

Мамадияр Байғұлов, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері:

– Жұқпалы ауру көктем мен күзде болады. Ауа райының өзгеруі кезінде. Соған байланысты осы аптада шақырту өте көбейіп кетті. Өткен апталармен салыстырғанда 35-40 пайызға көбейді. Тұмау ауруына шалдыққандардың шақыртуы ұлғайды. Жексенбі күні 478 шақырту болды.

Өңіріміздегі жағдайды білу мақсатында санитарлық – эпидемиологиялық орталықтың мамандары әңгімеге тарттық. Олар бұл мәселені бақылауға алғанын айтып отыр.

Күлпаш Таласбаева, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
Облысымызда «А» және «В» вирусты тұмау таралуда. Алайда екпе жасағандар арасында бұл тұмау дерті анықталмады. Санитар дәрігерлер эпидемияға қарсы шаралар жасап жатыр. Күн сайын мониторинг жүргіземіз. Мектепке дейін және орта білім беру мекемелерінде балалар оксолинді пайдаланып, оларға «С» дәрумені берілуде. Температураны қадағалап отырамыз.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген жөн, әрине. Сондықтан мамандар бұл аурудың алдын алу үшін әрекеттенген дұрыс деп кеңес беруде. Жерлестеріміз бұл үшін қандай шараларды қолданатынын өздерінен сұрап көрдік.

– Жұқпалы ауру болғасын амалдар жасау керек. Екпе жасаттым. Сарымсақ, пиязды қолданамын. Мезгілімен тамақтанамын.
– Лимон қосылған шай ішеміз. Көк
өніс, жеміс-жидектерді пайдаланамыз.
– Маскамен жүремін. Сарымсақ – тұмауға қарсы жақсы құрал
.

Айдана Демесінова