Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Жастар саясаты -2020» тұжырымдамасы мақұлданды

 

«Жастар саясаты -2020» тұжырымдамасында өскелең ұрпақтың ел өміріндегі алар орнына баса назар аударылған. Жастардың білім алуы, еңбек, баспанамен қамтылуы, денсаулығына үлкен басымдық берілген. Құжат құндылықтар, жастарды қолдау, жастар санаттары, ведомствоаралық іс-қимыл, жастар саясатының инфрақұрылымы секілді бірнеше бағыттан тұрады. Оларды жүзеге асыру үшін ауыл, аудан, қала, облыс, республикалық жастар одақтары мен ұйымдары белсенді жұмыс істеулері керек. Оған жергілікті басшылар мен ведомствалар барынша қолдау танытулары қажет деп атап көрсетті жиында алғашқы болып сөз алған білім және ғылым министрі. Жаңа бағдарламаны жан-жақты насихаттау бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің міндеті деді мәдениет және ақпарат министрі. Тұжырымдама 14 пен 30 жас аралығындағыларға арналған. Жастар арасында жұмыссыздық басым. Елімізде бұл көрсеткіш 3,9 пайызды құрайды. Еңбекпен қамту министрі қазіргі күні қолға алынған жастар саясаты, қайта оқыту және өз ісін ашқан жастарға шағын несие беру бұл мәселені шешуге мүмкіндік беріп отырғандығын тілге тиек етті. Басты құжат осы секілді олқылықтарды жоюға бағытталған. Министрлер кабинеті тұжырымдаманы бірауыздан қолдап дауыс берді. Жиынды қорытындылаған Серік Ахметов жауапты басшыларға ендігі жерде оның іс-қимыл жоспарын бекіту қажеттігін міндеттеді. Астанамен болған байланыс аяқталысымен өңір басшысы Самат Ескендіров тапсырманы жергілікті жерде жүзеге асыруды қолға алу керектігіне тоқталды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

–  «Жастар саясаты -2020» тұжырымдамасы үкіметте бекітілді, ендігі кезекте оның жергілікті жерде жүзеге асырылу жоспарын бекітуіміз қажет. Онымен айналысуды Виктор Молодовскийге тапсырамын. Әр ведомство оған атсалысатын болады.

Облыс әкімі балалар құқығын қорғау департаментінің өткен жылы атқарған жұмысы жайында да сұрап білді.

Владимир Литвиненко, балалар құқығын қорғау департаментінің бастығы:

–  Өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындысы жөнінен департаментіміз еліміз бойынша төртінші орында тұр. Барлық аудандармен тығыз қарым-қатынастамыз. Интернаттық мекемелер толық бақылауымызда. Штат кестесінде кадр тапшылығы жоқ. Құрамына психологтар кіретін мобильдік топтарымыз да бар.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы жастар саясатына байланысты үкіметтен түскен тапсырма айқын, оны жүзеге асыруда бірлесіп жұмыс атқару керектігін атап көрсетті.

Самат Есмағи