Өнеркәсіп

«Тортуманов және К» серіктестігінің өнімдері үздік деп танылды

 

«Тортуманов және К» ЖШС айына консервіленген  45 мың құты өнім шығарады. Олар негізінен бұқтырылған сиыр, жылқы, шошқа және құс еті. Кәсіпорынның өніміне деген сұраныс жақсы. 

Қалима Тортуманова, «Тортуманов және К» ЖШС қойма меңгерушісі:
– Желтоқсан, қаңтар айлары болмаса, қалған уақытта өнімдеріміз жақсы өтеді. Тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барлығын сапалы жасауға тырысамыз.  

«Тортуманов және К» ЖШС 1998 жылдан бері кәсібін дөңгелетіп келеді. Басында 5-8 мың банка өнім өндіретін серіктестік қазір күніне 10-12 мың консервіні әзірлеуге қауқарлы. Айтқандай, кәсіпорын 2012 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына белсене қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталған.

Вячеслав Адамов, «Тортуманов және К» ЖШС бас директоры:
-Өткен жылы біз ет өнімдері бойынша облыста бірінші орынға ие болдық. Соңғы жылдары ит пен мысыққа арналған өнімдерді шығаруды қолға алдық. Біз тауарларымыздың сапасына ғана емес, сонымен қатар сыртқы дизайнына, безендірілуіне де мән береміз.

Кәсіпорындағы өндіріс көлемі жылдағымен салыстырғанда қазір біршама азайған. Бұл Кедендік одақ аясында елге өзге мемлекеттерден тауар өнімдерінің келуімен, яғни сұраныстың азаюымен байланысты дейді басшылық. Дей тұрғанмен жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнымен тоқтап қалмай, болашақта өз өнімдерін Ресей және Беларуссия елдерінің нарығына шығаруға үмітті.

Әспет Әбдірешова