Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерге арналған ашық есік күні

Өткен жылы өңірде 163 кәсіпкерге “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 800 млн теңге қаржылай көмек көрсетілген екен. Енді, ағымдағы жылы бұл мақсатқа 1 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Бұл – бір ғана мемлекеттік бағдарлама аясындағы қолдау. Әлі тағы бірнеше жоба бар. Олар өнімділікті арттырып, экспорттаушылар мен инвесторларға бизнесті дамытуға кең мүмкіндіктер беруге арналған. Бірақ кейбір кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың барлық жолдарын біле бермейді дейді жиынды ұйымдастырушылар. Олар сол себепті ашық есік күнін жиі өткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпкерлер де шараның маңыздылығын айтты. 

Азамат Беккужинов, “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты” ЖШС директорының орынбасары:

– Біздің зауытқа “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілді. Соның арқасында қазір дамып, алға жылжып жатырмыз. Биылғы жоспар ауқымды, тағы да бірқатар тапсырмалар түседі. Кездесуге аталған жобаның жаңа шарттарымен танысу үшін келдім.

Жиынға мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері шақырылған. Кездесуде олар табыскерлерге заң тұрғысынан жалпы тәртіп пен бар мүмкіншіліктер жайында баяндады. Тек өз ісін ашамын деген ниет болса, қолдау бар. Кәсіпкерлер де өз кезегінде сұрақтарын қойды.

Ольга Цымбалюк, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы:

-Біз мұндай кездесуді ай сайын ұйымдастыруға келістік. Алдағы уақытта 10-12 адамнан тұратын жұмыс тобын құрып, аудандарды да аралаймыз. Сөйтіп, ауылдағы кәсіпкерлердің мәселесін тыңдап қайтамыз.

Данаш Хамзина