Білім

Химиядан олимпиада

Химия пәнінің білгірлері арасындағы мұндай сынды өткізу игі дәстүрге айналған. Оған жыл сайын 100-ге тарта үміткер қатысады екен. Өз білімдерін тексеруге жоғары сынып оқушылары келіпті. Олар 2,5 сағаттың ішінде 6 тапсырманы орындауы тиіс. Мұндай білім додасының ұйымдастырылуы оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттырып, оны меңгеруге тартады дейді ұстаздар.

Наталья Пфлюк, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ химия кафедрасының оқытушысы:
–  Соңғы кезде елімізде химия пәніне көп көңіл бөлініп келеді. Сондықтан біздің оқу ордамызда биыл жаңа мамандық ашылмақ. Ол -азық-түлік технологиясы мамандығы. Біздің облысымыз ауыл шаруашылық аймағы болғандықтан бұл жаңашылдықтың өңірімізге тигізер пайдасы зор. Бүгін осы жағымды жаңалықты жиылғандарға жарияламақпыз.

Үміткерлер тапсырманы орындауға қызу кірісті. Қосымша материалдарды бұл жерде пайдалануға болмайды. Алайда Менделеев кестесі мен калькулятордың көмегіне жүгінуге рұқсат берілген. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың намысын қорғаған топ мұндай олимпиадада талай рет бағын сынаған. Қатарластарынан асып, үздік атанып та үлгерген.

Олжас Қайыргелді, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысы:
– Өткен жылы бірінші орын алдық. Осы жолы да бұл бағыттан таймай, жеңіске жетуге тырысамыз. Есептердің көбін шығардық.

Ал Гүлімжан Қайырбекова мұндай олимпиадаға алғаш рет қатысып отыр. Дегенмен ол өз тобының биік шыңнан көрінетініне сенімді.

Гүлімжан Қайырбекова,  №6 орта мектеп оқушысы:
-Бірінші орын аламыз деп ойлаймын. Себебі біздің оқушылар химия пәнін жетік біледі. Көптеген қарсыластар жиналды. Бірақ сәттілік біздің жағымызда болады деп ойлаймын.

«Талаптыға нұр жауар» демекші Гүлімжанның тобы діттегеніне жетті. Жас химиктердің бағы жанып, орта мектеп оқушылары арасында үздік атанды. Ал мамандандырылған мекемелер ішінде 1-ші қалалық жалпы білім беру лицейінің білгірлері топ жарды. Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен марапатталды.

Айдана Демесінова