Мәдениет

Халық аспаптары оркестріне Сегіз сері есімі берілді

 

“Есіл” қазақ халық аспаптары оркестрінің құрылғанына 13 жыл. Осы уақыт аралығында олар тек өңіріміз бен еліміз ғана емес, көршілес мемлекеттерге де танылып үлгерді. Бүгінде оркестр құрамында 40 -тан астам музыкант бар. Олар, кез-келген аспапта емін-еркін ойнайды. Оркестрдің ұстанған бағыты  – ұлттық өнерімізді жан-жақты насихаттау. Өнер сүйер қауымға 13 жыл бойы «Есіл» деген атпен танылған ұлт аспаптар ұжымы осы уақыт аралығында сара жолдан тайған емес. Ендігі жерде аты Сегіз сері бабамыздың есіміне өзгертілгенімен де, заты өзгермейді дейді оркестрдің көркемдік жетекшісі.

Қайырлы Ғафуров, оркестрдің көркемдік жетекшісі:

-Сегіз сері ақындығы, композиторлығы, әншілігі жағынан ұлы тұлғалардың бірі. Оның үстіне осы өңірден шыққандықтан оның есімін беруді ұйғардық. Оркестр алдағы уақытта бабамыздың есімін жоғарыдан көрсетеді деп ойлаймыз.

Ұлыларын ұлықтамаған ел жетім дейді дана халық. Оркестрдің атын өзгерту де осыдан туындаған. Оған жерлесіміз халық композиторы Сегіз сері Бахрамұлының есімін беру орынды дейді зиялы қауым өкілдері.

Дәулеткерей Кәпұлы,айтыскер ақын, әдебиет зерттеушісі, Астана қаласы:

-Оркестрге Сегіз серінің атын беру оның есімінің өлмейтіндігінің бір дәлелі. Бәріне алғыс білдіргім келеді әдебиетші ретінде. Жаңа атқа ие болған оркестр бабамыздың мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе береді деген ойдамын.

Өр тұлға шамамен 1818 жылы қазіргі Жамбыл ауданында дүниеге келген. Қожаберген жырау, Толыбай сыншылармен үзеңгілес. Өз заманының зарын жырлап, жоғын жоқтаған жандардың бірі. Оның өмірдеректері жайлы мағлұмат арнайы ұйымдастырылған дөңгелек стол барысында өнерсүйер қауымға кеңінен насихатталды.

Самат Есмағи