Спорт

СҚО тұңғыш рет оқушылар спартакиадасына қатысушыларды қабылдады

Спорттық бағдарлау командалық сын болғанымен әр сайыскерге тек өзіне сенім арту керек. Төреші ысқырығынан кейін спортшы бейтаныс орман ішінде жападан -жалғыз қалады. Жергілікті жердің картасы мен компастың көмегімен белгіленген бақылау пункттерін тауып алу керек. Басты талап өзгелерден жылдам уақыт көрсету. 

Юрий Чуприков,жарыстың бас төрешісі:
-Бұл спорт түрінің пайдасы мол. Жылдамдықпен қатар ойлау қабілетін дамытады. Әр адамның өмірінде шапшаң шешімін күтетін жайттар болады. Ол уақытта саспай, нақты жол таңдауға көмектеседі.

Үздік шаңғышы атану үшін алдымен адасып қалмаудың қамын ойластыру керек. Бұл тапсырманы өзгелерден үздік орындауға 10 өңірдің құрамалары жиылды. Оқушылар спартакиадасының бұл түрінен мүмкіндіктерін қостанайлық оқушылар алғаш рет сынамақ. Ал солтүстікқазақстандықтардың қысқы көпсайыстан тәжірибелері баршылық. Алаң иелері бірер күннен соң Риддер қаласында өтетін әлемдік тартысқа қамданып жатыр.

Асем Назырова, спорттық бағдарлаудан спорт шебері, СҚО:
-Өскеменде өткен әлем кубогына іріктеуден сүрінбей, Ұлттық құрама сапына қабылдандым. Бүгін ең ұзын қашықтықта топ жардым. Үлкен тартыс алдында шеберлікті пысықтау үшін жақсы мүмкіндік жасалды.  

Алда додаға қатысушылар  эстафеталық сыннан өтеді. Содан кейін үздік құрама анықталмақ. Чемпиондар ел намысын Уфа қаласында өтетін халықаралық турнирде қорғайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов