Билік

Өңір басшысы Бәйтерек ауылының тұрғындарымен кездесті

 

Бүгінде Бәйтерек ауылында 250 үй түтін түтетуде. Тұрғындарды алаңдатып отырған мәселе – энергиямен қамту. Оларға жарықты керегінше толық пайдалану үшін қуаттылық жетіспейді. Өйткені, онда тұрған 8 трансформатордың 2-уі ғана жұмыс істейді, өзгесін жөндеу қажет. Өңір басшысы жарық таратушы желілердің жағдайын байқады. Бұл жұмыспен айналысқан мердігер бөлінген қаражатты толығымен игере алмаған соң қаржы бюджетке қайтарылыпты.

 

Мұнда сумен қамту мәселесі де өзекті. Су құбыры жұмыстары аяқталмапты, су айдауыш мұнара іске қосылмаған, судың сапасы да санитарлық талаптарға сай келмейді. Жағдайды түзеу үшін 50 млн теңгеден астам қаражат керек. Облыс әкімі Самат Ескендіров аталған мәселелені шешуге аса көңіл бөлу қажет екендігін басып айтты. Өңір жетекшісі жоба құнын қарастырып болған соң бірден іске кірісуді тапсырды.

 

Бұдан кейін облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті. Жергілікті халық Бәйтеректе мешіттің, мектеп және балабақшаның жоқтығын тілге тиек етті. Өңір жетекшісі аталған нысандар алдағы уақытта мүмкіндігінше ашылатынын жеткізді.

 

Тұрғындардың біреуі оны баспанасынан шығарғалы жатқанын айтып шағымданды. Бірақ оралман ағайындар 29 үйге рұқсатсыз кіріп алған екен.

Ауыл тұрғыны:

-Біз Өзбекстаннан келдік, барлық мүлкімізді сол жақта сатып жібергенбіз. Осында отын алдық, ақшаны жұмсағанбыз. Квотаның 2012 жылы аяқталғанын білмедік. Ал, енді бізге келіп мұнда заңсыз тұрып жатқандығымызды айтуда.

Ауылдықтардың бұйымтайларын тыңдаған облыс әкімі қандас бауырларға мәселенің бір шешімін ұсынды.

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Біз көшу бойынша туындаған жағдайды оңалтуға тырысамыз. Сіздерді басқа аудандарға тұруға жіберуге болады.

Өңір басшысы Самат Ескендіров кездесуде сөз болған келелі мәселелердің шешілетінін жеткізді.

Данаш Хамзина