Қоғам

Әйелдер белсенділігін дамыту

 

Өткен жылды қорытындылап, биылға жоспар құру. Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева осындай мақсатпен өңірімізге келіп отыр. Биыл атқарылатын іс аз емес. Ортақ шаруаны жұдырықтай жұмылып тындырған жөн дейді мейман. Жүзеге асырылатын игі шаралардың бірі – екі қолға 1 күрек таба алмай әлек болып жүрген нәзік жандарға көмектесу. Олардың үлкен сұранысқа ие кәсіп меңгеруіне жол ашып, еңбекпен қамту. Осының арқасында өткен 4 жылдың ішінде 2000-ға жуық азаматша білім алып, оның 70 пайызы жұмысқа орналасқан екен. 

Раушан Сәрсембаева, Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті:
-Биыл “Әйелдердің саяси көшбасшылығы” бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жұмыс жасамақпыз. Саясатқа жастарды да тарту қажет. Бұл іске бүгіннен-ақ кіріскен дұрыс. Әр өңірдің нәзік жандары арасында көшбасшыны анықтау үшін тренингтер ұйымдастырылатын болады. Көзге түскендер республикалық әйелдердің саяси көшбасшылық мектебіне аттанады.

Өңіріміздің іскер жандары осы жылғы жоспарды мұқият тыңдап отыр. Түрлі сұрақ қойып, өздері де бірқатар ұсыныстар жасап, белсенділік танытуда.

Гүлмира Кәрімова, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің директоры:
-Дөңгелек үстелдің маңызы зор деп ойлаймыз. Өйткені тек қана мақсаттармен таныстырып қоймай, біздің облысымыздағы жұмыс істеп жүрген әйел адамдардың жұмысына талдау жасап, болашақта күтілетін нәтижеге қарай отырып өзіне бір бағдар құруға мүмкіндік береді ғой деп ойлаймын.

Осыдан кейін Раушан Сәрсембаева Павлодар облысының іскер әйелдерімен кездеспек.

Айдана Демесінова