Құқық қорғау органдары

Сот актілерін орындаудың өзекті мәселелері

 

 

Сот шешімі шығарылғаннан кейін, міндетті түрде орындалуы тиіс. Сондықтан сот актілерін орындау белгілікті бір органның ғана қызметі емес. Прокуратура, мемлекеттік және жеке сот орындаушылары мен әділет органдары өкілдерінің ортақ міндеті.

Бақыт Қасейінов, СҚО кәмелетке толмағандар істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
– Дөңгелек үстел барысында сот актілерін сапалы орындау мәселесі қозғалады. Осыған қатысты орталық мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолдаймыз. Олар негізінен ҚР ҚК-не өзгертулер енгізуге қатысты болмақ. Айталық алименттерді өндіріп алу мәселесі маңызды.

Жиынға қатысушылар алимент төлеуден жалтаратындар үшін қолданылатын жаза қатал болуы тиіс дейді. Олар борышкерге қатысты бас бостандығынан айыру шарасы қолданылса, қарыздардың мөлшері де кемімек деген ойда. Сондай-ақ құзырлы органдардың жұмыс сапасы да сөз болды.

Айгүл Ақпанова, Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы:
– Қазіргі таңда әкімшілік істерді қарастыруға құзырлы органдардың кейбірі хаттамаларды дұрыс толтырмайды. Азаматтың неліктен қарызды өтеуден жалтарып жүргені көрсетілмейді. Хаттамаларды толтыру тәртібін бір жүйеге келтіру керек деп ойлаймын.

Жиын соңында сот актілерін орындау барысында туындайтын құқық қорғау практикасының кейбір мәселелері бойынша ұсыныстар қабылданды.

Инеш Шоқақова