Құқық қорғау органдары

Облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы бастығы тергеу амалдары аяқталғанша қамауда отырады

 

Айыпталушының орнында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбеков отыр. Оған ақпанның 21-і күні өткен Ресей эстрадасының жұлдыздары Л. Агутин мен А. Варум концертінің билеттерін ұйымдастырушылардан тегін алмақ болды деген айып тағылды. Сезікті сұраған 26 билеттің жалпы құны – 416 мың теңге.
Денсаулығы сыр берген Талғат Ақылбеков сот отырысына кардиоорталықтан жеткізілді. Осыған байланысты оның қорғаушысы тергеу жұмыстары аяқталғанға дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа жіберуді сұрады. Алайда, судья мұны негізсіз деп тапты.

Айдархан Жанақов, қалалық соттың судьясы:
-Талғат Ақылбековты 2 ай уақыт мерзіміне қамауға алу жөніндегі шешім шығарылды. Тұтқынға алу уақыты 2013 жылдың ақпанның 19-нан бастап саналсын.

Бұл үкіммен келіспеген жағдайда 3 тәулік ішінде облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот кеңесіне шағымдануға болады. Айыпталушының адвокаты бұл мүмкіндікті пайдаланамыз деп отыр.

Неғмат Есергепов, Талғат Ақылбековтың адвокаты:
-Біз соттың үкімімен келіспейміз. Біздің ойымызша менің қорғалушымның денсаулық жағдайына қарап жеңілірек үкім шығаруға тиіс еді. Өйткені, тиісті медициналық құжаттар бізде бар. Бұл шешім ишемиялық жүрек ауруымен ауыратын азаматтың денсаулығына нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан 3 тәулік ішінде тиісті сотқа шағымданбақпыз.

Айдана Демесінова