Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің есебі

Биылғы жылы түрлі деңгейдегі әкімдердің 919 есептік кездесуі өтіп, 2081 сауал қойылды. Олардың 97 пайызы әлеуметтік тұрғыда болған. Түскен ұсыныстардың 811-і бақылауға алыныпты. Жалпы солтүстікқазақстандықтардың өңір дамуына көңілдері толады. 

Күлімкөз Смаилова, Әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:
– Біздің өңіріміздің дамып келе жатқанын көріп отырмыз.Қай салада болмасын. Бұл басшылықтың арқасында екенін түсінеміз.
Жамбыл Тасеменов:

– Облыстағы спорт, білім ардагерлерінің атынан бір сауалым бар. Біздің облысымызда қысқы мұз айдыны жоқ, соның құрылысы тездетілсе деймін.  

Ал бұл сауалдарды жолдау үшін тұрғындар облыс әкімінің есебін асыға күткен. Самат Ескендіров өз баяндамасын өткен жылдың қорытындысынан бастады. 9 айдағы өңірлік жалпы өнім 430,9 млрд теңгені құрапты. Қаладағы өнеркәсіп кәсіпорындары шығарған өнімнің өзі 81 млрд теңге шамасында. Жұмыссыздық деңгейі 5,1 процентке төмендеген.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Ауыл шаруашылығы өндірісін қаржыландыруға 7,7 млрд теңге бөлінді, оның ,4,9 млрд теңгесі – егіншілікке, 2,8 млрд теңгесі мал шаруашылығына бөлінді. 2012 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 122 млрд теңгеден асты. 2011 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2,3 пайызға артық. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Былтыр 190 пәтерлі 2 жалға берілетін коммуналдық үй салынды.

Баяндамадан соң өңір жетекшісі ұсыныстар мен сауалдар жәшігіне түскен сұрақтарға жауап берді. Айыртау ауданына су тарату желілерін тарту, Жамбыл ауданындағы Благовещенка селосынан Қайранкөл ауылына дейінгі жолды күрделі жөндеуден өткізу сынды барлық 12 сауал да бақылауға алынады дейді облыс әкімі. Бұдан соң өз сауалдарын өңір жетекшісіне залға жиылған тұрғындар жолдады. Шапия Құсайынова ауыл тұрғындарының мәселесін арқалай келген.

Шапия Құсайынова:

-Ғ.Мүсірепов ауданы Новоишим мектебі қазіргі заманғы талапқа сай келмейді. Асхана мен спортзал жоқ. Балалар 3 ауысымда оқиды.
Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– 3 ауысымда оқу дұрыс емес. Келесі жылы бар күшімізді салып, бұл мәселені шешеміз. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінетін болса, облыс тарапынан да қолдау көрсетеміз. Көмек береміз.

Тұрғындарды негізінен сапалы ауыз су, жолдарды жөндеу, мектепке дейінгі балалар мекемелері жүйесін кеңейту, қоғамдық көліктердің сапасы сынды мәселелер алаңдатып отыр. Сондай-ақ есептік кездесу білім беру саласында түйткілді мәселелердің жетерлік екендігін аңғартты. Облыс әкіміне осы сауалдарды жолдаған мұғалімдердің жауапқа көңілдері толып отыр.

Шапия Құсайынова:
-Менің жауапқа көңілім толды. Шешіледі дегеніне ризамыз.
Гүлсән Жарқынбаева:
-Тайыншадағы жалғыз қазақ мектебі толық. Облыс әкімінен жаңа мектеп құрылысын қарастыруды сұрадық.Қол ұшын беремін деп уәде етті.

Өткен жылы облыс бюджетінің 57 пайызы әлеуметтік салаға бағытталыпты. Бұл 62 млрд теңге. Сондықтан тұрғындар осы жолғы есептік кездесуде көтерілген мәселелер де шешімін табатындығына сенімді.

Инеш Шоқақова