Билік

Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру науқаны аяқталды. АРНАЙЫ РЕПОРТАЖ

 

 

Жалпы ағымдағы жылы түрлі деңгейдегі әкімдердің 919 есептік кездесуі өтіп, 2081 сауал қойылды. Олардың 97 пайызы әлеуметтік тұрғыда болған. Түскен ұсыныстардың 811-і бақылауға алыныпты. Жалпы солтүстікқазақстандықтардың өңір дамуына көңілдері толады.

 

 Күлімкөз Смаилова, Әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:

-Біздің өңіріміздің дамып келе жатқанын көріп отырмыз.Қай салада болмасын. Бұл басшылықтың арқасында екенін түсінеміз.

 

Жамбыл Тасеменов, СҚО құрметті азаматы, спорт ардагері:

-Немерелерім сапалы білім алып жатыр. Балаларым жұмыспен қамтылған. Облыстағы спорт, білім ардагерлерінің атынан бір сауалым бар. Біздің облысымызда қысқы мұз айдыны жоқ, соның құрылысы тездетілсе деймін.

 

Жұмабек Кеңбейілов, Озерное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Ауылда білім саласына қолдау бар. Шағын орталық ашылды. Жолдар жөнделіп жатыр. Ұзақ жыл бойы күткен су биыл келді. Енді үйлерге үлестіру жүйесі тартылса дейміз.

 

Ал бұл сауалдарды жолдау үшін тұрғындар облыс әкімінің есебін асыға күткен. Қорытынды есептік баяндамасын облыс әкімі өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуынан бастады. Өлкеміздің өткен жылдағы жетістіктері толағай. Былтыр өлке бюджеті 105,4 млрд теңге көлемінде қалыптасты. Өңір жетекшісі Самат Ескендіровтың айтуынша 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы өнім 430,9 млрд. теңгені құраған. Аймақ басшысы әр саланың табыстарына жеке-жеке тоқталып өтті. Әсіресе аграрлы өңірдің ауыл еңбеккерлерінің жұмысы мақтауға тұрарлық. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 238 мрд. теңгеге жетті. Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасының шеңберінде 28 мыңнан астам тайынша жеткізілді. Оның 4 мың 200-ін шетелдік жоғары өнімді зеңгі баба төлі құрайды. Импорттық торпаққа 6 бірдей асыл тұқымды репродуктор ашылды. Қуаңшылық шалған соңғы орақ науқанында ғылым мен тәжірибені ұштастырып тағы ерлеген диқандардың маңдай тері ақталды. Бадана ырыс дәні бастырылып, ел қамбасына кезекті рет рекордтық астық құйылды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Ауа райының қолайсыздығына қарамастан өңір бойынша 4,8 млн тонна астық жиналды. Егіннің орташа шығымдылығы гектарына 12,9 центнерден айналды. Ол жалпыреспубликалық көлемнің 34 пайызын құрады. Осының бәріне жаңа ылғал сақтайтын тың технологияларды пайдаланудың арқасында қол жеткізілді. Тамшылап суару алқабы 4 есеге ұлғайтылды. Бұл саланың негізгі капиталына инвестицияның түсімі 32 пайызға артты. Нәтижесінде 39,7 млрд. теңгенің қаржысы түсті. Былтыр танап басына 14,9 млрд теңгенің 1155 дана су жаңа жоғары өнімді кешені шықты.

Өңірдің өндіріс саласы да бәсекеге қабілетті. 2011 жылмен салыстырғанда өсім де байқалады. Былтыр олар 122 млрд теңгенің төл өнімін шығарған. Республиканың ҮИИ картасына 43 млрд теңгенің 31 жобасы еніпті. Өміршең бастамалар жүзеге асуымен 2 мыңнан артық жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі тумақ. Өткен 12 айда 7 жоба іске қосылса, үстіміздегі жылы тағы төртеуін қолданысқа беру жоспарланған. Өндірістегі инновацияның өзектілігі жыл сайын арта түсуде. Елбасы да соңғы жолдауында әсіресе қуат көзінің баламалы түрлерін пайдалану, жел, күн энергиясын қолданудың жағдайларын ойластыруды жүктеген болатын.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-“Зенченко және К” КС инновациялық қадам жасалып, Германияда шығарылған екі бірдей желмен жұмыс істейтін жарық қондырғы орнатылды. Олар жылына 8 млн. кВт астам энергия өндіреді. Бұған қоса облыс орталығындағы көп қабатты үйлердің аулаларын жарықтандыруға күн батареялары пайдаланылады. Осыған байланысты әр салада шығынсыз баламалы энергия көздерін тудыратын жобаларды енгізу жұмысын жандандыра түсу керек.

 

Шағын және орта кәсіпкерлердің ісі де өрге домалауда. “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасы аясында өңіріміздің іскер жандарына демеу жасауға 928 млн теңге жұмсалыпты. Кедендік одақ елдерімен бірыңғай экономикалық кеңістік аясы кеңеюде. Жалпы өңір әлемнің 70 елімен ынтымақтастық орнатқан. Халықтың әлеуметтік жағдайы да жіті бақылауда. Бюджеттің 57 пайызы осы саланың қажеттілігін қамсыздандыруға бағытталған екен. Былтыр екі қолға бір күрек іздеген 30 мыңға тарта солтүстікқазақстандық тұрақты табыс көзімен қамтылды. ТКШ жаңғырту игі бастамасының арқасында 52 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жасалды. 100 текше метрден астам тұрғын ұй қаланды. Тек қала бойынша 30 мың шаршы метр жол жаңартылған. Таза ауыз сумен қамтитын 13 нысан қолданысқа берілді. Атқарылған шаруа аз емес, алайда тұрғындарды алаңдататын күрмеуі босай қоймаған жайттар да баршылық. Баяндамадан соң өңір жетекшісі ұсыныстар мен сауалдар жәшігіне түскен сұрақтарға жауап берді. Айыртау ауданы орталығының тұрғындарын тіршілік көзі ауыз су желісінің қашан тартылатыны қызықтырды. Ауылды жерлердегі жолдардың бұзылуы да қағазға түртілді. Мәселен Жамбыл ауданындағы Благовещенка селосынан Қайранкөл ауылына дейінгі және Аққайың ауданына қарасты Черкасское елді мекеніндегі әбден тозған жолды күрделі жөндеуден өткізу. Аудандарда жылу қазандықтары мен қоғамдық монша салу сынды барлық 12 сауал да бақылауға алынады дейді облыс әкімі. Бұдан соң  көкейдегі толғандырған сұрақтарын өңір жетекшісіне залға жиылған тұрғындар жолдады. Шапия Құсайынова ауыл тұрғындарының мәселесін арқалай келген.

 

Шапия Құсайынова:

Ғ.Мүсірепов ауданы Новоишим мектебі қазіргі заманғы талапқа сай келмейді. Асхана мен спортзал жоқ. Балалар 3 ауысымда оқиды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

 3 ауысымда оқу дұрыс емес. Келесі жылы бар күшімізді салып, бұл мәселені шешеміз. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінетін болса, облыс тарапынан да қолдау көрсетеміз. Көмек береміз.

 

Өңірімізде 300-ге тарта көзі нашар көретін жеткіншек бар екен. Алайда зағип оқушыларға білім беретін арнайы мектеп қарастырылмаған. Облыс әкімі бұл мәселені бақылауға алып, түйінін шешуге уәде етті. Тұрғындарды негізінен сапалы ауыз су, жолдарды жөндеу, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің желілерін кеңейту, қоғамдық көліктердің сапасы сынды мәселелер алаңдатып отыр. Сондай-ақ есептік кездесу білім беру саласында түйткілді мәселелердің жетерлік екендігін аңғартты. Облыс әкіміне осы сауалдарды жолдаған мұғалімдердің жауапқа көңілдері толып отыр.

 

Гүлсән Жарқынбаева, Тайынша қаласындағы №5 мектеп директоры:

– Тайыншадағы жалғыз қазақ мектебі толық. 180 орынға шақталғанымен, 411 оқушы оқиды. Облыс әкімінен жаңа мектеп құрылысын қарастыруды сұрадық. Қол ұшын беремін деп уәде етті.

 

Жалпы жиналғандар кездесуде іздеген сауалдарына жауап таптық дейді.

 

Мағжан Сердалинов:

–   Өткен жылы мен тұратын Жамбыл ауданында көптеген игі бастамалар жүзеге асты. Қазандықтар салынып, мектептер жөнделді. Жолдар жаңартылды. Ауылдар абаттандырылды.

Нина Антонова:

– Мен әкімнен мүгедек жандарға арнайы көлік бөлуді сұрадым. Қаладағы тасымалдаушы автобустар бізге бейімделмеген. Самат Ескендіров қоғамдық көлік бөлінетінін айтып қуантты. Арнайы такси бар. Бірақ жеткіліксіз.

Серік Темірғалиев:

– Жастарды толғандырған көптеген мәселе көтерілді. Денсаулық білім, спорт салаларында жетістіктер мол.

 

Тұрғындар осы жолғы есептік кездесуде көтерілген мәселелер де шешімін табатынына сенімді.

 

Инеш Шоқақова