Салық басқармасы

Салық декларациясын электронды түрде тапсырудың тиімділігі

Батыр Бабақовтың мемлекеттік қызметте істеп жүргеніне он жыл. Азамат жыл сайын салық комитетіне есеп тапсырады. Соңғы 4 жылда есеп берудің электронды түріне көшіпті. “Өте ыңғайлы, әрі жылдам”,-дейді.

Батыр Бабақов:
-20 минуттың ішінде тапсырып, анықтама аламыз. Бұрынғыдай кезекте тұрмаймыз.

Жалғыз Батыр Бабақов қана емес, өзге жерлестеріміз де мұның артықшылығын мойындап отыр. Кезекте тұрып уақытын зая кетіргісі келмейтіндер декларацияны электронды түрде тапсырады. Үйінде ғаламторға шығу мүмкіндігі болмаған жағдайда солтүстікқазақстандықтар салық басқармасында бұл үрдісті жүзеге асыра алады. Бұл үшін мекемеде 19 арнайы терминал бар. Түсініксіздіктер туындағанда мамандардың кеңесіне де жүгінуге болады екен. Алайда ескі әдеттен арылмай декларацияны қағазбен тапсыратындар да баршылық. Олар қала тұрғындарының 10 пайыздан астамын құрап отыр. “Барлығы заман талабына сай салық есебін тапсырудың электронды әдісіне көшсе, нұр үстіне нұр болар еді”,-дейді мамандар.

Жібек Күлікова, қалалық салық басқармасының бас маманы:
-Электронды әдіспен декларацияны тапсырғанда қағазбен тапсырғаннан гөрі бірқатар артықшылықтары бар. Салық органдарының қызметкерлерімен жиі байланыспайсыздар. Орталық серверге декларация тапсырмай тұрып оның қателерін түзеуге мүмкіндік бар. Бұрынғы тапсырған декларацияны тексеруге мүмкіндігіңіз бар. Декларацияны сатып алуға ақша шығынданбайсыз.

2013 жылдан бастап патент те электронды түрде құрылатын болды. Бұл үшін жеке кәсіпкер салық органына өтініш жазуы тиіс. Оның сұранысы 3 күн ішінде қаралады.

 

Айдана Демесінова