Бизнес және экономика

“Атамекеннің” кәсіпкерлерге көмегі



 

 

Осылай күніне бірнеше рет соғылған телефон қоңырауына сыпайы жауап беріп, кәсіпкерлерге ақыл-кеңес айтуға Талғат Мұқашев жалыққан емеспін дейді. Мұнда еңбек етіп жүргеніне 1-ақ ай уақыт өтсе де, жұмысы өзіне қатты ұнайды.

Талғат Мұқашев, “Атамекен” одағы” ҚҰЭП СҚФ кеңесші-сарапшысы:

-Күніне шамамен 20-ға жуық кәсіпкер телефон шалады. Өз ісін ашу барысында кедергілерге тап болған азаматтар қолдау көрсетуді өтініп жатады. Мұндайда қуана-қуана жөн сілтейміз. Бетпе-бет жүздесіп, мәселені бірігіп оңтайлы шешу үшін филиал кеңсесіне шақырамыз.

“Атамекен” одағы” ұлттық-экономикалық палатасының жергілікті филиалы өз жұмысын 8 жыл бұрын бастаған. Мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, бизнес мәселесін шешу. Атамекендіктердің қатысуымен құрылған бірнеше ұйымның араласуының арқасында бірқатар проблема тарқатылыпты.

Елена Виссарова, “Атамекен” одағы ” ҚҰЭП СҚФ директоры:

-Мәселен, энергиямен қамту мәселесі бойынша құрылған жұмыс тобының отырысында өткен жылы 12 кәсіпкердің өтініші қаралды. 9 мәселе оң шешімін тапты, ал қалғаны әлі қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер тендерге қатысу, несие алу барысында туындаған әкімшілік кедергілер бойынша да шағымданады екен. Елена Виссарова өңірде, әсіресе, шағын бизнеске қолдау қажет дейді.
Жалпы, бизнесті демеуге Елбасы барынша көңіл бөледі. Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында аталған бағытта бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Осы ретте қазір Кәсіпкерлердің ұлттық палатасын құру жөніндегі заң жобасы әзірлену үстінде.

Елена Виссарова, “Атамекен” одағы” ҚҰЭП СҚФ директоры:

-Әрбір кәсіпкер қорғауда болады. Егер қандай да бір проблемасы туындаса, Ұлттық палатаға барып, кәсіби түрде кеңес алады. Соңынан оқыту семинарына да баруына болады.

Елена Виссарованың айтуынша, іскерлердің көбі мемлекеттік бағдарламалардың игіліктері жайлы біле бермейді екен. Сол себепті, Қазақстан кәсіпкерлерін біріктіретін мұндай ұйымның болашақта пайдасы мол болмақ.

Данаш  Хамзина