Білім

Педагогика мен психологияның өзекті мәселелері

 

 

Тұлғаны әлеуметтік тәрбиелеу, балаларды кері әсері бар қылықтардан арашалау және түзу жолға салу мәселелері. Конференцияға жиылғандар осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті. № 32  орта мектептің психологы Самал Мансұрова өз баяндамасында «Баланың қабылдауындағы отбасы үлгісі» жайлы жазыпты. Оның айтуына қарағанда жанұядағы мәселе әр баланың оқу үлгерімі немесе көңіл-күйінен де хабар береді.

Самал Мансұрова, №32 орта мектептің психология пәні мұғалімі:
-Көп жағдайда ата-аналар өздерінің мәселелерімен жүріп, балаларының тәрбиесіне назар аударуға аса көңіл бөлмейді. Сондықтан бала өз жайына қалады. Бұл мәселе бала бойында отбасы жайлы түсініктің кері қалыптасуына әсер етеді.

Баланың бойындағы қорқыныш пен үрей, оның толыққанды отбасында тәрбиеленбеуі немесе ата-ана тарапынан болатын аса жоғары талап олардың ой-санасына кейде кері әсер беріп жатады. Бұндай жайттарды болдырмау үшін осы бағытта жұмыс жасау керек дейді психолог мамандар.

Айгүл Мұстафина, СҚО балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент директорының орынбасары:
-Бүгінгі конференция тақырыбы қашан да өзекті болып қала бермек. Елбасы да өз жолдауында ана мен баланы қорғау, отбасылық тәрбиеге, соның ішінде жанұя институтын дамытуға баса назар аудару керектігін айтқан болатын. Осы жиынға біз ең маңызды деген баяндама тақырыптарын таңдап алдық.

Жастар  – елдің ертеңі. Сондықтан да осы конференция барысында айтылған жайттар студенттерге тікелей қатысты.

Әлия Мұхамадиева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ магистранты:
-Өзім үшін көп пайдалы мәлімет алдым. Мәселелерді шешу үшін тұлғамен жеке тұрғыда жұмыс жасау керек деп есептеймін.

Өңірлік ғылыми-тағылымдамалық конференция екі кезең бойынша өткізілді. Оның жұмысы секциялар мен пленарлық отырысты қамтыған.

Әспет Әбдірешова