Ауыл шаруашылығы

Орманшылар өткен жылды қорытындылады

 

 

Былтыр өңіріміздегі орманды алқаптар 13 рет отқа ораныпты. Тілсіз жау 245 Га жасыл желекті құртып, 27 млн теңгеден артық залал тигізген. Тоғайларды жалмап кеткен табиғи апаттың басты себебі адами фактор.

Ережеп Жантаев, СҚО “Орман және аңшылық шаруашылығы” ММ аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары:
– Көктемде әдеттегідей орманшылар үшін аса қауіпті маусым басталады. Жер кебісімен құрғақ шөпке от түсе қалса тез тұтанып кетеді. Былтыр агроқұрылым жетекшілері алқапта қалған 2 мың тоннаға жуық сабанды жағып жіберді. Өршіген қызыл жалын желмен ағаштарға көшеді.  

Сондықтан өңірдегі 12 орман шаруашылығына қарасты 687 мың гектардан астам тоғайлы алқапты күзету шаралары күшейтілді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін елемеген 173 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Сергеев орман шаруашылығында 43 тұлға 38 мың Га жуық тоғайдың сақтығын бақылайды. Өткен жылы  күйіп кеткен 12 Га есесіне 60 Га  көшет отырғызылпыты.

Сайлаубек Қошанов,  Сергеев мемлекеттік орман шаруашылығының директоры:
–  Жаз уақытында өрттің алдын алу мақсатында қосымша 25 адам қатысады. Мекемеде 16 көлік, 7 трактор бар. 5 мобильді топ орман шаруашылығын қорғау жұмысында қызмет атқарады.  

Қауырт маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуде табиғат сақшыларында тілсіз жаумен күрес құралдары мен арнайы техника бар-ау. Бірақ сапасы сын көтермейді. 27 өрт сөндіру көлігінің тек 18 -і отты ауыздықтауға жарайды. Олардың да тозығы жеткен. Былтыр ағашты заңсыз кесу оқиғалары да жиілеп кеткен. Түпке балта шабудың 100-ге тарта фактісі тіркеліпті. Аңшылардың да заңсыз саят құрулары өршіп барады.

Жүсіп Бәшіров, СҚО “Орман және аңшылық шаруашылығы” ММ аумақтық инспекциясының бастығы:
-4 мыңнан артық тексеріс қорытындысы бойынша 215 заңбұзушылық анықталды. 1,6 млн теңгенің айыппұлы салынды. 30 мылтық тәркіленіп, ішкі істер органдарына тапсырылды.  

Тек қана тұяқтыларды оққа ұшыруға қатысты 20 факті тіркелген. Бұл қоршаған ортаға 6,5 млн. теңгенің шығынын әкелді.

Жеңіс Ермұқанов