Бизнес және экономика

Зейнетақымен қамту жүйесіндегі өзгерістер

 

 

Соңғы жылдары зейнетақы жүйесін реформалау мен онда қордаланған мәселелерді шешу қажеттілігі Қазақстанда қызу талқыланып келген еді. Елбасымыз жуырда осы пікірталастардың нүктесін қойып, елімізде бірыңғай зейнетақы қорын құруды тапсырған еді. Әзірге бұл жүйенің механизмі жасалған жоқ. Алайда өкілетті органдар бұл іске қызу кірісіп кетті. Бұл жаңашылдықтың азаматтарға тигізетін зияны жоқ дейді мамандар. Керісінше, оң өзгерістердің орын алуына ықпалдаспақ. Бірыңғай қор қазақстандықтардың ақшаларын бір жерге жинап, оны тиімді әрі қауіпсіз басқаруға жол ашады екен.

Жомарт Қажырақымов , “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:
–  Біздің ойымызша халыққа қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Жеке меншік зейнетақы қорларындағы шоттарыңыз бірыңғай шотқа аударылады. Ақшаларыңыз өздеріңізде қалады. Барлық қаржы Ұлттық банкте сақталады. 10 зейнетақы қорын сақтау үшін қаржы қажет. Сондықтан олар салымшылардың ақшасынан өз үлестерін алып отырды.

Осыған дейін салымшылар бір қордан екіншісіне ауыса беретін. Жаңашылдықтар енгізілген жағдайда таңдау мүмкіндігі болмайды. Алайда мұның да өз пайдасы бар. Өйткені ауысу кезінде азаматтар ақшасының бір бөлігі жұмсалып, ысырап болған. Ендігі уақытта мұндай шығын болмайды дейді Жомарт Қажырахымов. Бүгінде мемлекетімізде 11 зейнетақы жинақтаушы қоры бар. Олардың 10-ы жеке меншік. Жұмыс істеу ниеті болса, бірыңғай қор құрылған кезде де олар өз қызметін жалғастырмақ.

Жомарт Қажырақымов,”ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ директоры:
– Олар инвестицияны басқару компаниясы болып қалуы мүмкін. Зейнетақы қорларына өз еркімен ақша жинайтын адамдар бар. Соларға қызмет көрсететін зейнетақы қоры болып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, өз активтерін сата алады.

Бүгінге дейін еліміздегі зейнетақы қорларында 21 млрд долларға жуық қаржы жиналыпты. Алдағы уақытта салымшылардың қаражатын басқаруды қадағалайтын арнайы кеңес құру жоспарда бар

Айдана Демесінова