Ауыл шаруашылығы

Облыста сиыр еті саудасының төмендегені байқалады

Ләззат Сағындықова апталық азық-түлік қорын толтыру қамында жиі базар аралайды. Петропавлдық бірінші кезекте мал еті жайылған сөрелерде таңдау жасауға тырысады екен. Себебі бұл өнімге деген сұраныс мол. Жанұясының ағзаға пайдалы ақуыз бен табиғи дәрумендерге толы азықсыз отырған күні жоқ. 

Ләззат Сағындықова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Қазақ болғасын өмірімізді етсіз елестету мүмкін емес. Қой, жылқы, сиыр етін алып тұрамын. Сапасы да жақсы. Егер сұрақтар туындаса, базарда мал дәрігерлері бар. Қалаған сұрағыңның жауабын береді.  

Алайда соңғы уақытта пышақ үстінен өтіп жатқан ет бөлімдерінде әдеттегідей кезек жоқ. Әпсәтте таусылатын мал өнімі сөрелерде толып-ақ тұр. Жуырда СҚО екі бірдей шаруашылығында 700-ден артық ірі қара қатерлі ауру жұқтырды деген әңгіме елді дүрліктірген болатын. Күдік шынымен расталыпты.

Владимир Карабельников, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау комитетінің СҚО аумақтық инспекциясының бастығы:
-Бұған қатысты 9 бірдей терең зерттеу жұмыстары жүргізілді. Кешенді сараптама 20 торпақтың “Шмаленберг” вирусты диареяға шалдыққаны анықталды. Олармен шетелден жеткізілген бар асыл тұқымды тайыншалар жойылды. Қазір аумақты дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алаңдайтын себеп жоқ, аталған мал өнімдері сөрелерге түсуі мүмкін емес.

Десе де бұл келеңсіз жайт тұтынушылардың азық-түлік қауіпсіздігіне деген сенімін сейілткенге ұқсайды. Оның кесірі табыс көзі бірден кеміген саудагерлерге тиіп отыр.

Рауза Байтабенов, сауда нүктесінің иесі:
-Көп уақыт болды базарда жұмыс істегеніме, бірақ осындай оқиға 20 жылдан астам болған емес. Алушылар азайды. Қорықпау керек. Әкелген мал тексеріледі, арам ет түспейді.  

Шынында да ет тұтынушыға жеткенше бірнеше деңгейлі сынақтан өтеді. Мал тек арнайы орындарда сойылады.  Сойылғанға дейін және кейін екі мәрте тексеріледі. Бұл тек бастапқы сараптау.

Бейбіт Әубәкіров, Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының бас ветеринарлық-санитарлық инспекторы:
– Мал өнімдері алдымен ветеринарлық анықтама қағазымен келеді. Біріншіден, жеткізген көлікке көңіл бөлеміз. Ол міндетті түрде термабудка болуы керек. Бізде әрі қарай ветеринарлық-санитарлық сараптама өткізіледі.  

Ол тағы 4 міндетті тексеріс. Органаметриялық еттің сыртқы сәйкестігі, триконоскапия түрлі ауруларға шалдықпағандығы, радиациялық қауіпсіздігі анықталады. Кейін әр бастан үлгі алынып пісіріліп, асқа жарамдығы байқалады. Облыс орталығындағы әр базар осындай зертханамен жабдықталған. Жалпы өңір бойынша мал өнімін терең талдайтын 17 арнайы сараптау орны қарастырылыпты.

Жеңіс Ермұқанов