Қоғам

Нұротандықтар Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысын бақылауға алды

 

Болашақтың білім ұясы – “Назарбаев Зияткерлік мектебі” Петропавлдағы Береке ауданында салынып жатыр. Қазір іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылуда. Құрылыс аумағы 8 мың шаршы метрден асады. Атқарылатын жұмыс әлі көп. Дегенмен, құрылыс қарқыны қызу. Екі ауысыммен 140 адам еңбектенуде. Мердігер компания нысанды ағымдағы жылдың күзінде тапсыруы қажет. Құрылыс барысын нұротандықтар бақылап жүр.

Владимир Витченко, “Нұр Отан” ХДП партиялық бақылау бекетінің жетекшісі :

 

Құрылыс 2012 жылдың тамыз айында басталды. Бүгінде астыңғы қабат толығымен салынып болды. Негізі нысанның құрылысы 14 блокқа бөлінген. Жұмыс қызу жалғасып жатыр. Ғимарат уақытында тапсыралады деген ойдамыз.

Білім басқармасындағылар бұл ерекше мектеп болады дейді. Өйткені, мұнда балалар химия-биология бағытында оқытылмақ. 720 орынға шақталған. Жатын корпусы да болады .

Руслан Нұрмұханбетов, облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары:

-Мектепте тілек білдірген кез-келген баланың оқуына болады. Таңдау тест сынағы бойынша жүргізіледі. Мұғалімдер құрамы әзірленуде, олар қайта даярлаудан өтіп жатыр. Барлығы 134 педагог еңбек етеді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, мұнда 1-6 сынып аралығында оқушылар ақылы түрде білім алса, 7-сыныптан кейін тегін оқу формасы басталады. Ақысы қанша болатыны әлі белгісіз. Ең бастысы, құрылыс барысы бақылауда және кейін халықаралық деңгейге сай сапалы білім беріледі. Ал, бұл – болашақта мықты маман даярлаудың кепілі.

Данаш Хамзина