Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы азаматтарды қабылдады

 

«Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіровтің қабылдауына Қайрат Көшеков келді. Азамат үстел шамына арналған жарық көзін өндіру мен электр үнемдеуші лампалар шығару бойынша лицензия ресімдеуде қолдау көрсетуді сұрап отыр.

 

 

 

Қайрат Көшеков, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ энергетика және құрастыру құрылғысы кафедрасының меңгерушісі:
–  Жұмысымыздың басты бағыты – жарықтандыру құрылғысын құрастыру еді. Шаруаның 70 пайызын еңсердік. Жабдықтың қуаттылығы шамамен 120 ватт. Орташа алғанда ол электр энергиясын 10 есе аз пайдаланады. Жабдыққа патент алдық.

Жерлесіміз өңір жетекшісіне электр үнемдеуші модульдің қалай жұмыс істейтінін көрсетті. Тың идея облыс әкімінің қызығушылығын тудырды. Құрылғының қуаттылығын сұраған облыс басшысы көмек көрсететіндігін айтты.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
-Сіздің зерттеуіңізді конструкторлық бюроға жібереміз. Осы бюромен бірігіп жұмыс жасағанда алға жылжисыз деп ойлаймын. Сіздің жабдығыңыздың пайдасы зор болса, сол жерде оны өндіруге жетерлік қаражат та бар.  

Ал Уәлиханов ауданындағы шаруа қожалықтарының иелері несие шартының мерзімін ұзартуды сұрағалы келіпті. Биыл егін шығымы ойдағыдай болмағандықтан, диқандар қарызын өтеуде біраз қиындықтар туындап отырған көрінеді.

Амантай Мәліков,  “Уызбай” шаруа қожалығының иесі:
-Мынау шаруашылығымның жағдайы жайлы ақпарат. Егініміз шықпай қалды. Соған көмек сұрап келдік.

Шаруалардың проблемасын тыңдап болғаннан кейін өңір басшысы бұл мәселені жан-жақты қарап, оның түйінін тарқатуға септесетіндігін айтты.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
-Мемлекеттік кеңестің отырысында былтырғы көктемгі егіс науқанына алынған қаражатты 1 жылға несиені өтеу мерзімін ұзартуға шешім қабылданды. Бірақ биылғы жылғы қарызы барлар оған қатыса алмайды. 2-шешу жолы: көктемгі қаржыландыруға қатысасыздар. Қаражат алып, былтырғыны жауып, күзге қалдырамыз. Бірақ егуге өздеріңіз қаражат іздеңіздер.

Жалпы бұл күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының қабылдауына 8 адам келді. Кей жерлестеріміз еңбекпен қамту мәселесінде көмек көрсетуді сұраса, енді біреулері кітапты баспадан шығаруға жәрдемдесуіне өтініш білдіріп отыр. Өңір басшысы Самат Ескендіров мұның барлығын жан-жақты қарастырып, қол ұшын созуға тырысатындығын алға тартты.

Айдана Демесінова