Спорт

Бокстан ашық турнир

Шаршы алаңдағы бас жүлде тағдырын бірінші болып Ақмола және Қарағанды облыстарының құрамалары сарапқа салды. 56 келі салмағында қолғап түйістірген Дәурен Ауғали мен Азамат Нүркеннің жекпе-жегі жарыс шымылдығын тартысты етіп ашты. Үш раунд бойы алысқан қос қарсыластың қайсысының мысы басатынын төреші ысқырығына дейін дөп басып айту қиын болды. Дегенмен 1-ші разряд иегері Дәуренннің жойқын соққылары спорт шеберіне үміткер қарағандылық бәсекелесіне көбірек дарыпты.

Дәурен Ауғали, сайыскер, Ақмола облысы:
–  Бірінші кездесу қашанда қиынға түседі. Десе де намысты қолдан бермей, тәжірибесі мол азулы қарсыласты жарыс жолынан ығыстырдым. Бастысы құрама қоржынына алғашқы ұпайды салдым. Келесі кездесулерімде де сенімді ақтауға тырысамын.  

Бұл осымен өңіріміздің танымал бокс майталмандарының құрметіне ұйымдастырылған 3-ші турнир. Әдеттегідей жекелей емес, толық құрамды рухтандыратын командалық сын. Жалпы 11 салмақта үздік атануға 8 құрама белді бекем буған. 2-і жерлес әуесқойлардан жасақталса, тағы соншасы Ресей намысын арқалап келген. Қалғандары өзге аймақтардың үкілеген былғары қолғап шеберлері.

Нұрлан Абрахманов, бокстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, СҚО:
-Ерекшелігі әр құрама 6 жасөспірім, өзгесі ересектерден құралады. Бұл әр өңірдің жалпы бокс деңгейін тануға мүмкіндік береді. Әрине ең бастысы жас спортшылар тәжірибелі ағаларынан сабақ алады. Командалардың өзара шеберлік алмасуына мүмкіндік ашылады. Нәтижесінде облыстың құрамын жасақтауға жеңіл болады.  

Былтырғы доданы алаң иелері екінші орында аяқтапты. Жерлестеріміз биыл есе қайтармақшы. Қай құраманың бағы мен бабы асатынын үш күндік тартыс көрсетеді.

Жеңіс Ермұқанов