Бизнес және экономика

Еңбекақы төлемеген жұмыс берушілер жауапқа тартылуда

 

 

 

 

Былтыр жұмыс берушілердің үстінен 654 шағым түскен. Еңбек дауларының көп бөлігі жалақы мәселесіне қатысты. Бүгінде бірқатар кәсіпорында қызметкерлері атқарған шаруаның тиісті құны өтелмеген. Тіпті қазіргі нарық заманында жалақыны мерзімінен айлап кешіктіргендері бар.

Арман Жәлелов, СҚО бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы:
-Біз арнайы мониторинг жасаймыз. Оған еңбек ақыны үш айдан артық төлемей қарызға белшесінен батқан жұмыс берушілер кіреді. Тізім апта сайын жаңартылып тұрады. Соңғы санақ еңбеккерлер алдындағы айлық берешектің 77,5 млн теңге екенін көрсетіп отыр. “Бескөл тұқым станциясы”, Петропавл автобус паркі” мен “Виктория2003″ ЖШС жалақы қарызы үлкен.

Еңбек инспекторлары олқылықты жоймаған басшыға 20-200 АЕКМ мөлшерінде айыппұл салады. Екі тарап арасында еңбек келісім шартының болмауы жағдайды ушықтырып жатады. Өткен жылы еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан 65 солтүстікқазақстандық жұмыс орнында оқыс жағдайға тап болған. Маңызды ережелерге   мән бермеудің салдарынан 12 адам қаза болды.

Арман Жәлелов, СҚО бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы:
-Жалпы 2012 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары облыстағы 777 кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде 255 заңбұзушылық анықталды. Бұған жол берген 995 лауазымдық және заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарттық.  

Міндетін орындамағандар 55 млн теңге айыппұл төлеуге мәжбүрленген.

Жеңіс Ермұқанов