Спорт

Ұлттық спорт жанашырының мерейтойына арналған жарыс



 

 

Байрақты жарыс өңірімізде қазақ күресінің дамуына  сүбелі үлес қосқан Есләмбек Бекмурзиннің құрметіне арналған. 60-ты алқымдаған тәжірибелі бапкер саналы ғұмырын салауатты өмір салтын уағыздауға жұмсап келеді. Еңбегі зая кеткен жоқ. Талай жасқа қанат бітіріп, белдесудің хас шеберлерін тәрбиеледі.

Диханбай Биткөзов, жарыстың бас төрешісі:
-Жарыс қонақтары дүниежүзілік қазақ күрес федерациясының президенті Серік Көкеев, ҚР қазақ күрес федерациясының президенті Марат Шәмшінұров келіп отыр. Ұлттық құраманың бас бапкері Жеңіс Биткөзов, мемлекеттік жаттықтырушы МаратЖақит және басқа да белгілі бапкерлер келді.  

Бұл Есләмбек Бекмурзинге деген құрметтің белгісі. Нақты ісімен ұлттық спорттың жанашырына айналған мерейтой иесіне “Қазақ күресіне қосқан үлесі үшін” кеуде белгісі табысталды.

Есләмбек Бекмурзин, СҚО ұттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:
Еуропа, Азия, дүниежүзілік біріншіліктер өтіп жатыр. Ең үлкен қуаныш қазақ күресі әлемдік унивирсиадаға кіріп отыр. Дүниежүзілік күрес қауымдастығына мүше болдық. Ол үлкен жетістік. Біріншіден еліміздің дамуына байланысты.

Халқымыз қара домалақты қашанда шымыр етіп тәрбиелеуге ден қойған. Шынымен қарсыласты қара күшпен алып жыққаннан гөрі ептілік пен алдын ала болжауға баулитын қазақтың белбеу күресінің тиімділігін әлем мойындады. 5 салмақта шеберлігін танытамын деп боз кілемге еліміздің үздік деген 100-ге тарта спортшысы шықты. Барлығының тағатсыздана күтетіні әрине түйе палуандар тартысы. Бұл сында Азия, Еуропа, әлемдік белдесулерде жамбасы жер иіскемеген, биылғы “Қазақ барысы” атағына ие Бейбіт Ыстыбаев енді бір жеңістен дәмелі.

Бейбіт Ыстыбаев, сайыскер, Тараз қаласы:
Петропавл қаласында біраз жыл қазақ күресінен жарыс өткізілмеді. 2009 жылдан бері 4 жыл өтті. Үлкен жарыста спортшыларға сәттілік тілеймін.

Дүбірлі дода қорытындысы бойынша бар қарсыласының жауырынын жерге басқан Бейбіт Ыстыбаев түйе палуан атанды. Бас жүлдеге тігілген “Лада-грант” көлігін жеңімпаз мініп кетті. Өз салмағында топ жарғандарға ақшалай сыйақы берілді.

Жеңіс Ермұқанов