Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мал шаруашылығының әлеуетін арттыру


 

 

Бұл 32 бас ірі қара 2 жыл бұрын өңірімізге жеткізілген австриялық симменталдардың алғашқы тұқымы. Облысымызда туып, жаңа жерге бейімделіп қалған тайыншалар өздері бұзаулайтын шаққа жетіпті. Мамлют ауданына қарасты “Нан” ШҚ жетекшісі көктемгі төлдеу науқанында қарамығындағы мал екі еселенеді деп жоспарлап отыр. Сүтті және етті  зеңгі баба төлінің әрбірі шамамен 720 келіге дейін салмақ қосады екен. Жабраил Елмұразов жоғары өнімді торпақтарды облысымыздағы ең ірі репродукторлардың бірі “Петерфельд-Агро” ЖШС-ден сатып алыпты. Бұған мемлекеттік “Сыбаға” бағдарламасының аясында қол жеткізген.

Жабраил Елмұразов, “Нан” ШҚ, Мамлют ауданы:
– Мақсатыма жетуде үкімет үлкен қолдау жасады. Біріншіден 3 млн. 450 мың теңгенің субсидиясы бөлінді. Аудан әкімшілігі жайылым мен мал кешенін салатын жер берді. Қар ерісімен құрылысты бастаймыз. Жем-шөп базасы жеткілікті. Көктемде мал азығын себетін егінжай қарастырылды. Ерінбеген ауыл еңбеккерлеріне үлкен демеу болатынына көз жеткіздім. Көз алдымыздағы мүмкіндікті пайдалану керек.

Айтылған игі жайт 2 жыл бұрын қолға алынған мал шаруашылығының әлеуетін дамыту бағдарламасының жемісі екені анық. Жергілікті агроқұрылымдар шекара аспай, өзара мал алысып, тәжірибе бөлісетін кезге жетті. Бұл біріншіден жол машақатын шешеді. Біраз шығынға тірейтін санитарлық кедергілер жойылды. Ауылдықтардың әлеуметтік жағдайына да серпіліс берді. Қазір қожалықтағы бар малды бағып күтуге жұмыссыз отырған 4 тұрғын тартылып, тұрақты табыс көзімен қамтылған. Жалпы мамлюттіктер cенім ұялататын тың жобаның мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға асық.

Таскура Камалетдинова, Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің сектор бастығы:
Өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасының қолдауын 10 шаруашылық көрді. Олармен 120 млн теңгеге 594 бас ірі қара сатып алынды. Жалпы соңғы 2 жылда ауданға 2 мыңнан артық тайынша жеткізілді. 924 бас ірі қара асыл тұқымды. Тек 320-сы ғана шетелден келді. 1 репродуктор құрылды.

Мамлют ауданында биыл тағы бір асыл тұқымды репродукторды іске қосу көзделуде.

Жеңіс Ермұқанов