Бизнес және экономика

Инвесторларға қызмет көрсету орталығы

Инвесторларға қызмет көрсету орталығы өткен жылдың соңына таман ашылған болатын. Бұл бүгінде экономикаға отандық және сырттан капитал салушыларды тартуға мүмкіндік туғызуда. Ресей, Чехия, Швейцария, АҚШ сияқты шет елдермен әріптестік орнатылған. Жұмыс жоспары ауқымды. Мұнда қазір 5 жоба әзірленіп жатыр. Петропавлда алкогольсіз сусындар мен сыра өндіретін зауыт салу көзделуде. Серіктестік ретінде Чехияның “РОСС Холдинг” кәсіпорны ұсынылыпты. Жоба құны 2 млрд теңгеден асады. Сондай-ақ, облыстағы мал шаруашылығын дамыту да қарастырылған. Бұл істегі серіктес – америкалық компания. “Ангус” және “герефорд” тұқымдас жоғары өнімді мүйізді ірі қараны өсіру Ақжар, Есіл және Уәлиханов аудандарында жоспарланып отыр.

Амантай Жүсіпов, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ҰҚ” АҚ инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры:

 

 

-Инвесторларға қызмет көрсету орталығының мақсаты – СҚО инвестиция тарту және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерімен бірге өңірдің беделін асқақтату. Осы орайда барлық мүмкіншіліктерді көрсету үшін тырысып жатырмыз.

Барлық инвестициялық бағдарламалар этно-мәдени бірлестіктердің өкілдеріне жіті таныстырылды. Сондай-ақ, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвесторларға қызмет көрсету орталығының жұмысы жайлы толық мәлімет берілді. Этно-мәдени бірлестік мүшелеріне серіктестік ету ұсынысы жасалып отыр. Өйткені, ұйымдастырушылардың айтуынша олардың капитал салушыларды тартудағы рөлі маңызды.

Гамид Джафаров, әзірбайжан мәдени орталығының өкілі:

-Семинар пайдалы екен. Мұнда кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер көрсетілді. Әзірбайжан инвесторлары да аталған жобаларға қатысып, Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының дамуына үлес қосса жақсы болар еді. Алдағы уақытта, бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімдемін.

Жиын барысында этно-мәдени бірлестіктер өкілдері, көбінесе, қаржыны экономиканың қай секторына құюға болатыны жайлы сұрастырды. Бүгінде ол кірпіш зауытының құрылысы мен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласы.

Данаш Хамзина