Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қаламгерлер мен мемлекеттік органдар әріптестігі

 

Жиынды ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров өз сөзін бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі рөлінен бастады. Оларға артылып отырған міндет пен сенім зор. Елбасы Жолдауында 2050 жылға дейін барынша дамыған 30 елдің қатарына кіру көзделіп отыр. Құжатта айқындалған басымдықтарды жүзеге асыру үшін еңбек, күш-қайрат пен бірлік қажет. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары қоғам түсінігін қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етеді деді Самат Ескендіров.

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Өңірдегі журналистер сенімді ақтап жатыр. Халыққа шынайы ақпаратты уақытында жеткізіп, еліміздің тыныс-тіршілігін біліп отыруға мүмкіндік береді. Билік пен БАҚ халық үшін еңбек етеді. Бізді тұрғындардың өмірін жақсартуға деген ортақ мақсат біріктіреді.

Мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы әріптестікті нығайту үшін өңірде Қоғамдық Кеңес құрылды. Оның төрағасы – облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов. Ал, ұйым мүшелігінде жергілікті телеарналар мен басылымдардың басшылары, меншікті тілшілер, ардагер журналистер және қоғам өкілдері бар. Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Руслан Әлішев өңірде 68 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді деді. Мәселе мынадай:мемлекеттік органдардың көбінде журналистермен әріптестік дұрыс жолға қойылмаған. Кейбіреуінде әлі күнге дейін баспасөз қызметі жоқ. Ал, бұл ақпарат алуға кедергі келтіреді. Облыс әкімі Самат Ескендіров осы жерде    басқармалар  басшыларына сұхбат беруге қарамағындағыларды итере бермей, жиі шығып тұруды міндеттеді. Қоғамдық кеңес мүшелері қажет мәліметті алуда ғаламтордың пайдасын айтты. Яғни, әрбір мекеменің өз сайты болғаны жөн.

Евгений Сазанов, БАҚ жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшесі, “СҚО әкімдігінің Муниципалдық телерадиоарнасы” ЖШС директоры:

-Біз мемлекеттік органдардың сайттарын саралаған болатынбыз. Қалалық әкімдіктің сайты жақсы жұмыс істейді. Оған тәулігіне 500 адам кіреді. Басқармалар болса, ақпарат қорын аптасына 1-ақ рет жаңартып тұрады. Тұрғындардың мемлекеттік қызметкерлерге жолдаған сұрақтары толық көрсетілмеген. Бұл сенімнің жоғалуына әкеледі.

Жиында аудандық қазақ тілді газеттер сапасының төмендеу екені де айтылды.

Кәрібай Мұсырман, БАҚ жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры:

-2008 жылдан бастап барлық аудандарда дербес қазақ газеттері шығып жатыр. Бірақ, сапалық деңгейі әлі де төмен. Олардың штаттық бірлігі де аз. Көп дегенде, 1-2-ақ адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы мәселені ескеріп, қазақ газеттерін сапа жағынан көтеру қажет деп ойлаймын.

Бас қосуда жас журналистердің кәсіби шеберлігін арттыру жайы да сөз болды. Отырысқа шақырылған тілшілер кездесуді пайдаланып, мемлекеттік органдар өкілдеріне телеарналар мен басылымдарды алаламай, барлығына бірдей ашық болса деген бұйымтайларын да айтып қалды. Жиынды Самат Ескендіров қорытындылады.

Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Қоғамдық кеңестің бағдары айқындалды. Сол бағытта жұмыс істейтін боламыз. Ақпарат барлығына бірдей таратылу қажет. Біздің облыстың даму болашағы зор. Осы мол мүмкіншіліктерді тұрғындарға көрсете білу керек. Шынайылық болу қажет.


Данаш Хамзина