Билік

Облыс әкімі Самат Ескендіров үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті


 

Азаматтық сектор халықты билік басындағылармен байланыстырушы көпір іспеттес. Келісе пішкен тон келте болмасына екіжақты әріптестік нәтижесі дәлел.

 Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың дамуына жағдайлар жасалған. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  олардың қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу рөлін арттыру қажеттігіне баса назар аударады. Сондықтан билік пен бұқараның арасындағы іргелі байланыс орнататын ұйымдардың дамуына үлкен сеніммен қараймыз.  

Былтыр ғана өңіріміздегі қоғамдық бірлестіктердің дамуына ел қазынасынан 73 млн. теңге бағытталған. Жуырда ғана облысымыздың 3 сектор белсенділері республикада бірінші болып ортақ коалиция құрыпты.

Сергей Худяков, “СҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы” ҚБ төрағасы:
– Ел игілігі үшін қолға алынған әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын қадағалауды мақсат етеміз. Қоғамдық бақылау нәтижесінің тиімділігін арттыратынына сенімдіміз. Сондықтан Азаматтық альянс қауымдастығы осындай ұсыныс жасады. Бастама қолдау тапты.

Өңіріміздегі 20-ға тарта бірлестіктің ойлары бір жерден тоғысты. Ендігі мақсат – бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, туындаған мәселелердің басын жұмыла қайыру.

Рахат Әзімбаева, “Томирис” Гендерлік оқыту орталығы” ҚБ төрайымы:
-Пікір-таласта міншіл емес, сыншыл болу керек. Әр атқарылған іске сын тұрғысынан қарап, ұсыныстар еңгізіп, көмек көрсету. Себебі көптеген қабылданған құжаттар бұқараға жетпей жатады. Біз кез-келген аудиторияда азаматтарға маңыздылығын түсіндіріп бере аламыз.  

Бір мүддеге ұйыған белсенділердің бастамасын мемлекеттік ұйымдар да жөн санап, құптап отыр. Қолдау құжатпен бекітілді. Жиында қоғамдық бақылау коалициясы мен облыстық әкімдік арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды.

Жеңіс Ермұқанов