Қоғам

Ғарыш индустриясын дамытуға солтүстікқазақстандық кәсіпорындар да үлес қосады

 

Бүгінгі ақпараттық технологиялар заманын спутниктік байланыссыз елестету мүмкін емес. Қазақстанның ғарыш кемелерін ұшыратын “Байқоңыр” кешені бар. Бірақ жұлдыздар әлемін ғылыми зерттейтін арнайы ғарыш саласы жоқ. Елбасы бұның орнын толтыруды тапсырған болатын. Қазір Ұлттық ғарыш агенттігі құрылып, аспан тұңғиығына шарықтайтын зымырандар құрастыру және сынау орталығы салынып жатыр. Бұл жөнінде өңірімізге келген ғарышкер ұшқыш Талғат Мұсабаев мәлім етті. Халық қаһарманы бұл ғылымды жетік білетін маман тапшылығы мәселесіне тірелдік дейді. Қазір агенттік қызметкерлері Франция және Англия елдерінде жаңа саланың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Бүгінде бұл шаруаға мыңдаған адам тартылған.

Талғат Мұсабаев, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:
СҚО аграрлы ғана емес, өнеркәсібі жақсы дамыған өңір. Бұл мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Петропавл ауыр машина жасау зауыты бізге қажет құрылғылар жасай алады деп санаймыз. Бұрындары кәсіпорын ракеталар шығаруға бейімделгендігін білеміз. Ол үшін алдымен өндіріс кешенін толықтай зерттеп алу қажет. Қазір ғарыш кемелері мен отандық жерсеріктік желілер құрастыру қажеттілігі туындап отыр.

Маңызды тақырыпты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков іліп әкетті. Халық қалаулысы СҚО топырағы Александр Викторенко, Владимир Шаталов сынды атақты ұшқыштарды түлеткенін тілге тиек етті.

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Талғат Амангелдіұлының ғарыш айлағына самғаған экипажында жерлесіміз Александр Викторенко да болды. Талғат Мұсабаев үш рет ғарышқа сапар шегіп, елімізге құнды мәлімет жинады. Халық қаһарманы, Ресей және Франция елдерінің батыры атағына ие.  

Жиын соңында өңір жетекшісі ел игілігі үшін аса өзекті істе өлкемізге сенім артқан қадірменді меймандарға алғысын білдірді.

 Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
-Біздің көмегіміз тиіп, әріптестігіміз нығая түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Өңірміздің мүмкіндігін өзіңіз білесіз. Солтүстікқазақстандықтар тарапынан жан-жақты қолдау болатынына күмән жоқ. Қолдан келгеннен аянып қалмаймыз. Ұлттық маңызы бар бастамаға сәттілік тілеймін.   

Жеңіс Ермұқанов