Қоғам

Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы солтүстікқазақстандықтармен кездесті

 

 

ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф ең алдымен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ге ат басын тіреді. Ондағы мақсат – жастар арасында ислам діні жөніндегі дұрыс түсінік қалыптастырып, Елбасы жолдауын түсіндіру. Мейман, маңызды құжаттағы  қзақстандық патриотизмге  арналған бөлімге тоқталды. Кездесуде, әсіресе, 21 ғасырдағы дін мәселесі төңірегінде әңгіме өрбіді.
Бұдан соң кейінгі толқын өкілдері республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесіне көкейінде жүрген сауалдарын жолдады. Кездесу аяқталғанымен Қайрат Лама Шарифтің жастармен мұндай байланысы жалғасатын болады. Өйткені мейман өзінің жеке блогына түскен ұсыныс-сұрақтарға  әрдайым жауап беруге әзір екенін айтты.
Бұл күні ҚР дін істері жөніндегі агенттік төрағасы «Нұр Отанның» облыстық филиалында өңір тұрғындарын қабылдады. Мұнда бірқатар солтүстікқазақстандықтар өздерін алаңдатқан мәселелерімен келіпті. Петропавл қаласының тұрғыны Зейнолла Олжабаевты жастар тәрбиесі мазалайды екен.

Қайрат Лама Шариф, ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы:
-Елбасымыз мынандай сөз айтқан болатын: «Егер Астана қаласында 1 жас жігіт аузында сағызы бар, оны түкіріп тастаса, оны жазаға тарту керек. Себебі үлкен қылмыс кішкентай әрекеттерден басталады. Осыны жиі айтып жүр. Сол сияқты мешіттерде ақсақалдар өзіміздің тарихи, дәстүрлі дінімізді уағыздау керек.

Ал Бәйкен қажы Қадырбаев «СҚО-да ислам дінінің даму тарихы» жөнінде бірқатар деректер жинапты. Енді осыны бір жүйеге келтіріп, кітап басып шығарғысы келеді екен. Алайда жерлесіміздің бұған шамасы келмейтін көрінеді.

Бәйкен қажы Қадырбаев:
-Мұрағатта материалдар жинап, халықпен кездесіп, 2 жылдың ішінде кітап жазып шыққан болатынмын. Сол кітапты шығару үшін қаражат қажет. Қаражаттың жоқтығынан кітап шықпай тұрды. Бүгін ҚР дін істері жөніндегі агенттік төрағасына осы мәселе жөнінде келген едім. Ол кісі көмектесуге уәде берді.

Бұл күні «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында Қайрат Лама Шариф 7 адамды қабылдады. Ал өңіріміздегі 2 күндік іссапары барысында 4 ұжыммен кездесіпті.

Қайрат Лама Шариф, ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы:
-Осы жұмыс тобы облыста жұмысын атқарғаннан кейін сонда көтерілген сұрақтардың барлығын зерделей отырып, келесі келген сапарымызда бұл бағыттағы өзіміздің ұсыныстарымызды ары қарай жалғастырып, үкіметтің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарын түсіндіреміз.

Қыркүйектің 6-сы өңірімізде «Дін және патриотизм» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастыру көзделген.

Айдана Демесінова