Билік

Қызылжар ауданында 2012 жыл қорытындыланды



 

Өткен жылы облыс бойынша Қызылжар ауданында егін аса бітік шыққан. Мұндағы диқандар бастырған баданалы ырыс дәнінің орташа Га берекелігі 19,3 центнерден айналыпты. Мал шаруашылығы әлеуетін арттыруда да өзге аудандарға үлгі боларлық. Агроқұрылымдар  2,5 мыңға тарта қара мал сатып алған. Жартысынан астамы – жоғары өнімді асыл тұқымды тайыншалар. Тапсырыс жоспары асыра орындалды. Өндіріс, құрылыс жағы да көш басында. Әлеуметтік саланы әлсіретіп алмау қамы да жіті бақылауда.

Орал Қаппасов, Қызылжар ауданының әкімі:
Аудан тұрғындарының 72 пайызы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Тіршілік көзі мәселесі биыл да шешіледі. 70 пайызға дейін тозған жолдар жөнделді. 2 мың 406 адам тұрақты табыс көзімен қамтылды. Бүгінде еңбекке жарамды ауылдықтардың 0,4 пайызы жұмыссыз отыр. Тұрмысы төмен отбасыларға 3 млн теңгенің қамқорлығы жасалды.  

Әсіресе, азат ойлы, кемел білімді жастарды тәрбиелеуге ерекше мән беріледі. Бүлдіршіндердің 88 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Биыл бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізу межеленген. Туу деңгейі өсіп, өлім-жітім азайтылды. Халықтың әл-ауқатының өскенін есептік баяндамадан кейін сөз алған ауыл тұрғындары да растап отыр. Былтыр түскен өтініштері мен ұсыныстары барлығы дерлік қанағаттандырылыпты. Бұған еті үйреніп, қанаттанған ауылдықтар биыл да шешімін күткен мәселелерге жан бітетініне үмітті.

Қайролла Сүлейменов, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
Жарығымыз болмай тұр. Көше қараңғы. Жүріп тұру қиындық тудырып тұр. Осы жағы қарастырылса дейміз.  

164 үйдің түтінін түтетіп отырған қандастардың енді бір сұраулары бар. Ауылға мешіт қажет дейді. Ағайындар Алла үйінің іргетасын көтеруге ғана қауқарлы көрінеді.

Орал Қаппасов, Қызылжар ауданының әкімі:
Биыл жарық тарататын станцияның жұмысын аяқтаймыз. Сметалық құжат дайын. Толық қуатқа қосуға 50 млн теңге жұмсалады. Сонда бар ауыл тоқ көзімен үздіксіз қамтылады. Мешіт қалау ісіне де жұмылуға тырысамыз. Кездесіп бар мәселелердің басын қайырып алу керек.   

Биылғы қыс жауын-шашынға сараң болмады. Бескөлдіктерді  қардың астында қалған көшелерді аршу жұмыстары тұрғындардың көңілінен шықпай отыр.

Роза Жүсіпова, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
Көлдің үстімен жүреміз, жол жоқ, тазаламайды. Қар тазалап тұрса дейміз.

Орал Қаппасов аудан орталығында қардан тазарту жұмыстарын жетілдіре түсуге уәде етті. Жиналғандарды ауылдарға газ желісі қашан жететіні қызықтырды. Маңызы зор көгілдір отын мәселесінің жайын облыс әкімі Самат Ескендіров баяндады.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Бұрындары газды РФ Түмен облысынан тартуды жоспарлағанбыз. Қазір өзіміздің көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігі туып отыр. Қазір Батыстан Қостанайға газ келіп тұр. Құбырды алдымен Астанаға дейін төсейді. Кейін магистраль Айыртау ауданынан Бескөл арқылы облыс орталығына жеткізіледі. Қазір сметалық жобасы қарастырылып жатыр.  

Жиынды өңір жетекшісі Самат Ескендіров қорытындылады. Өңір басшысы аудан бойынша шағын және орта бизнес үлесінің төмендегенін сынады.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Шағын және орта бизнес еліміздің тірегіне айналуы тиіс. Мемлекет қолдауы бар. Қарыштап ілгері жылжудың орнына ауданда шағын кәсіпкерлікті дамыту жағы түсіп барады. Облыс орталығына ең жақын орналасқан аудан. Өзгелерге үлгі болу керек. Ішкі сауда-саттық та біршама азайып отыр. Ауыл шаруашылығындағы мамандардың жалақысы орта есеппен 10 мың теңгеге ұлғайтылыпты. Десе де, ең соңғы орында. Бұл жағын ретке келтіру керек.  

Кейін облыс әкімі аудан орталығындағы “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігінің жұмысымен танысты. Шаруашылық 2003 жылдан ағаш өңдеп, түрлі тұрмыстық бұйымдар шығарумен айналысады.

Жеңіс Ермұқанов