Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізге Елбасы Жолдауын насихаттаушы республикалық ақпараттық-насихат тобы келді

 

 

Республикалық үгіт-насихат тобының құрамына дін істері жөніндегі агенттік, білім және ғылым, көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері енген. Мақсат – осыдан тура 2 ай бұрын жарияланған Елбасы жолдауын насихаттау. Бұл бағытта біздің өңірімізде жұмыс істейтін топтардың қызметімен танысу.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Бүгінгі таңда өңірімізде Елбасы жолдауын халыққа түсіндіретін 15 ақпараттық-насихат тобы жұмыс істейді. Оның құрамында 690 адам бар. Ай сайын аудандарға барып, тұрғындармен кездесу өткізеді. Өйткені Елбасының жолдауында еліміз үшін, өңіріміз үшін аса маңызды мәселелер көрініс тапқан.

Өзінің соңғы жолдауында Елбасы мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындаған болатын. «Қазақстан -2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясында дін мәселелеріне басымдық берілген.

Қайрат Лама Шариф, ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы:
Қайта тіркеуден өткеннен кейін елімізде 17 конфессияның 3088 діни бірлестігі жұмыс істейді. Яғни, олардың саны 32 пайызға кеміді. Сондай-ақ 2012 жылы дін істері жөніндегі агенттік 3736 діни оқулықтар мен ақпараттық материалдарды сараптамадан өткізді. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар әлі де жалғаспақ.

Денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту мәселелері де Елбасының әр жолдауында айтылады. Қазіргі таңда білім беру саласын қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің 5 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттердің деңгейіне бір табан жақын. Дегенмен 2013 жылға қойылған міндеттер де аз емес. Білім мекемелерінің жұмысын модернизациялау, апаттық жағдайдағы және 3 ауысымдағы мектептерді жою.

Ләззат Бөлебаева, ҚР БҒМ білім және ғылым саласын бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
Елімізде 3 ауысымда білім беретін мектептердің саны – 92. Сондай-ақ 189 мектеп апаттық жағдайда. Соңғы 2 жылда білім саласының қаржыландырылуы 1,6 есеге өсті. Алдағы уақытта бұл мәселелерді шешуге бар күшімізді салмақпыз.

Алға қойған мақсаттарды орындауға мемлекеттік органдар ғана емес, барша халық болып атсалысу керек дейді ҚР дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы. Сонда ғана жұмыс өз жемісін бермек.

Қайрат Лама Шариф, ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы:
«Қазақстан -2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауына сәйкес әр жылға жалпыұлттық жоспар қабылданған. Ол 98 іс-шарадан тұрады. Кейбіреулері іс жүзіне асырылуда. Мәселен, жақында ғана ауыл шаруашылығын дамытуға негізделген 2020 жылға дейінгі бағдарлама қалыптасты. Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі бағдарлама құруды тапсырған болатын. Ол да жақын арада дайын болмақ.

2 күн ішінде ақпараттық үгіт-насихат тобының мүшелері 30-ға жуық еңбек ұжымымен кездеспек.

Инеш Шоқақова