Спорт

Кикбоксингтен республикалық турнир

 

Турнир, әдеттегідей, ҚР Әнұранымен басталды. Одан кейін шаршы алаңға 67 салмақ дәрежесіндегі кикбоксшылар шақырылды. Рингтің сол жағында петропавлдық Темірлан Қаби, ал оның қарсыласы – жерлесіміз Ішкі Әскерлер әскери институтының курсанты Алтай Рахметов. Екі боксшы да осал емес. Дегенмен, қос қарсылас өздерінің мықты екендігін көрсету керек. Спортшыларға 3 раунд берілді. Әр жекпе-жек 2 минуттан. Темірлан Қаби өзіне берілген уақытты ұтымды пайдалана білді. Ол қарсыласының осал тұсын байқап, тізе бүктірді. Кикбокстан спорт шеберіне үміткер – Темірланның бұл алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін талай белестерді бағындырып, 7 рет облыс чемпионы атанғанын айтады.

Темірлан Қаби, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:
Мен кикбокспен 5 жылдан бері айналысамын. 2010 жылы Қостанайда өткен Қазақстан чемпионатында екінші орын алдым. Және 2011 жылы Таразда да осындай нәтижеге қол жеткіздім. Бүгінгі қарсыласым осал емес. Онымен бірінші рет шаршы алаңға шықтым.

Екінші болып рингке дәл осы салмақ дәрежесінде павлодарлық Артур Саурбаев пен петропавлдық Рахымбек Зейнуллин шықты. Бірінші жекпе-жектен-ақ, кімнің мықты екені анықталды. Қазақстанның 4 дүркін чемпионы Артур Саурбаев өзінің қарсыласын айқын басымдықпен жеңе білді. Спортшының кикбоксингпен айналысып жүргеніне 8 жыл болған.

Артур Саурбаев, жарысқа қатысушы, Павлодар қаласы:
Бұл – менің алғашқы жеңісім емес. Мен әлем додаларында және халықаралық жарыстарда да чемпион атандым. Бүгінгі жекпе-жек оңайға соққан жоқ. Дей тұрғанмен, қарсыласым мен ойлағандай мықты болмай шықты. Сондықтан да, оны өзімнің мол тәжірибемнің арқасында жеңе білдім. Алда әлі екі жекпе-жек өткіземін.

Республикалық турнир осымен 13-ші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы тартысты дода кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 24 жыл толуына орай өтуде. Жарысқа біздің облыстан басқа Павлодар, Көкшетау қалаларынан мықты деген 80 спортшы жиналды. Кикбоксшылар “Солтүстік Қазақстан кубогын” жеңіп алу үшін барын салды.

Сабыржан Сақтағанов, халықаралық дәрежедегі төреші:
Жарысқа қатысушылардың дені – өз ісінің шеберлері. Сондықтан да, арасынан тағы да мықты кикбоксшыларды таңдап, алдағы уақытта ел намысын қорғау үшін халықаралық жарыстарға аттандырамыз. Бүгінгі турнирде 16 жастан жоғарғы спортшылар бақ сынасуда.  

Республикалық турнир 3 күнге жалғасады. Мықты деген спортшылар ақпанның 16-сы белгілі болып, медаль және дипломдармен марапатталмақ.

Гүлбану Ахметова