Құқық қорғау органдары

Автоұрылар ұсталды

 

Новая көшесі бойында “Газель” автокөлігін белгісіз біреудің айдап кетпекші болғандығы жайлы ақпарат ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына түнгі екі кезінде түседі. Кезекшілер жақын маңдағы полиция автопатрульдеріне хабарды тез арада таратады. Оқиға орнына бірден мамандандырылған күзет полицейлері жетіп барған.

Дәурен Қоңырбаев, мамандандырылған күзет қызметі басқармасы полиция батальоны бөлімінің командирі:

-Оқиға орнында екі мас жігіт ұсталды. Кейін белгілі болғандай олар көлікке артқы есігі арқылы еніп, от алдыру тетігін бұзып, көлікті айдап әкеткен. Алайда, алысқа ұзамай қолға түсті.

Тәртіп сақшылары барған кезде күдіктілер оқиға орнынан 10 метрге ғана ұзаған. Полицейлерді көре салысымен олар қарсылық көрсетіп, қашып кетуге әрекеттенген.

Дәурен Қоңырбаев, мамандырылған күзет қызметі басқармасы полиция батальоны бөлімінің командирі:

-Оқиға орнына № 1 полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шақыртылып, нәтижесінде күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді.

Күдіктілердің осыған дейін де бірнеше рет мүліктік қылмыс бойынша істі болғаны анықталды. Екеуінің де тұрғылықты жерлері болмай шықты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әспет Әбдірешова