Энергетика

Жылу-электр орталығындағы жөндеу науқаны

 

 

 

Турбиналар цехындағы қолданыс мерзімі өткен төртінші агрегат толығымен жаңартылып жатыр. Жаңа пеш ескісіне қарағанда үнемді әрі қуаттылығы әлдеқайда артық. Заманауи турбинаның іске қосылуы энергия өндіруді 2 есеге, жылуды 40 гигаколорияға ұлғайтпақ. Инвестициялық бағдарлама аясында құрылысқа 4 млрд. 366 млн. теңге жұмсалмақ.

Максим Бублейник, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ басқарма бастығы:
– Бұл жұмыс турбинадағы бу өнімін сағатына 220-дан 270 тоннаға дейін арттыру үшін ғана емес, оның экономикалық көрсеткіштерінің жоғарылауы үшін қажет. Заманға сай қондырғы электр энергиясын 33 мВт-қа артық шығаратын болады. Қоршаған ортаға зиянды газдың, күкірт қалдықтарының шығуын да әлдеқайда азайтады. Сапасы да ұзақ жылдар бойы жөндеуді қажет етпейді.  

Барлығын қоса алғанда жылына 320 млн мВт энергия өндіріледі деп күтілуде. Бұл қажеттілікті артығымен қамтуға, тұтынушыларға қызметтің үздіксіз жетуіне мүмкіндік жасайды. Бүгінде жоспарланған шаруаның 30 пайызы тындырылыпты. Штаттық құрамдағы және мердігер компаниялардың 180-ге жуық құрылысшысы турбинаны алмастыру ісіне білек сыбана кірісіп кетті.

 Евгений Чередниченко,  “Средазэнергомонтаж” ЖШС қызметкері:
-Негізгі жұмыстар аяқталды. Ең қиын деген ірге тасы қаланып, агрегаттың металл қаңқасы орнатылды. Турбинаның жоғарғы тұсы бекітілді. Өзгесі мәселе тудырмайды деп ойлаймын. Бәрі жоспарға сай өтуде. Белгіленген мерзімге дейін тапсыруға тырысамыз.

Нысанды 2013 жылдың 1 қазанында қолданысқа беру жоспарлануда. Жалпы акционерлік қоғам 2015 жылға дейін қайта құру және жаңғырту бағдарламасы бойынша 5 жобаны жүзеге асырмақ. Онда негізгі инженерлік желілерді жаңарту қарастырылып отыр.

Жеңіс Ермұқанов