Қоғам

Жаңа қоғамдық бірлестік үшінші секторды біріктіреді

  

 

Бүгінде өңірімізде үшінші сектордың 200 шақты ұйымы бар екен. Алайда олардың үштен бірі ғана мемлекеттік органдармен тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатыпты. Өзгелері әзірге бірлескен жобаларға қол қоюға ынта танытпай отыр. Кездесуге жиналған белсенділері жұмыла көтерген жүк жеңіл деген нақылды арқау етіп келген.

Сергей Худяков, “СҚО Азаматтық Альянс
қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
-Әр қоғамдық бірлестіктің өзінің көздеген нақты жұмыс ауқымы бар. Көбіне біздер билік өкілдері мен халық арасындағы көпір іспеттеспіз. Жаңа коалиция әлеуметтік маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын қадағалауды мақсат етеді. Бұл нәтиженің тиімділігін арттыратынына сенімдіміз. Сондықтан «Азаматтық альянс» қауымдастығы осындай ұсыныс жасап отыр.  

Өмірлік тәжірибесі бай «Асыл мұра» орталығындағылардың ойы да осы төңіректе тоғысып отыр. Ақсақалдар қоғамдық мәселелердің күрмеуін босату жолдарын қарастыруда ақыл-кеңестен аянып қалмаймыз дейді.

Таңат Сүгірбаев, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:
– Бүгінгі құрылып жатқан коалиция меніңше өте дұрыс. Облыстың экономикасы, мәдениеті және басқа да салаларын дамытуда қоғамдық бақылаудың қажеттігін көрсетіп отыр. Біздің «Асыл мұраның» да алға қойған мақсаттары бар. Шағын ұйым болсақ та біздегі ардагерлер бастамаға белсене араласпақшымыз.  

Қоғаммен біте қайнасып жүрген жігерлі жастар да бастаманы толықтай қолдайтындарын жеткізді. Жас ұрпақ бір ананың балаларындай келісе отырып, белсене әрекет ету жарқын болашаққа жетелейтініне сенеді.

Евгений Пеньков, “Поиск молодых и здоровых” ЖҚБ төрағасы:
– Бірлескен жұмыс жастардың өзекті деген мәселелерін шешуге үлкен көмек болады. Біздің болашағымыз өзіміздің қолымызда. Бүгіннен қалмай қоғамдық шаралармен қатар еліміздің саясатына етене араласуымыз керек. Аға буын өкілдерінің тәжірибесінен мол сабақ алу мүмкіндігі туып отыр.  

Жаңа коалицияның мүшелері ендігі кезекте әріптестік орнату үшін мемлекеттік органдармен бірқатар меморандумға қол қоймақшы.

Жеңіс Ермұқанов