Спорт

Спортшыларға демеушілік көмек

 

Жергілікті көркем гимнасшылардың өздеріне қажетті спорт жабдықтарына көптен қолы жетпей жүрген болатын. Бүгін олар үшін жаңа мүмкіндіктер туды. Себебі, бұдан былай олар жаңа доп, күрзі, шеңбер сынды спорт жабдықтарымен жаттығып, өнер көрсететін болады. Мұндай қуанышты спортшыларға «Энергострой құрылыс басқармасы» ЖШС сыйлады.

 Қайрат Әбілев, «Энергострой құрылыс басқармасы» ЖШС директоры:
– Біз мұндай игі істі спортты дамыту үшін жасап отырмыз. Спортшыларымыздың жақсы нәтиже көрсетуі үшін қолдау жасау керек. Алдағы уақытта да мүмкіндігіміз келгенше көмек көрсетуге тырысамыз.

Апалы-сіңлілі Екатерина мен Елизавета Завацкаялар 10 жылдан артық гимнастикамен айналысады. Өткен жылы екеуі топтық жаттығу көрсетуде Шымкент қаласында өткен ҚР чемпионатында бірінші орыннан көрінген болатын. Жаңа спорт жабдықтарының бірі – күрзіні олар өздерінің спорттық номерлерінде сынап та көрді.

Екатерина Завацкая, «Виктория» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
– Жаңа жабдықтар өте қолайлы екен. Бұрын мұндай қажетті құралдар бәрімізге жете бермейтін.
Елизавета Завацкая, «Виктория» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі
– Мен де өте ризамын жаңа сыйлықтарға. Олар қолдануға өте ыңғайлы.

Бүгінде гимнастикадан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде 200-ден астам спортшы тәрбиеленеді.

 Серікбай Сүлейменов, гимнастикадан балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің директоры:
– Біздің 17 спортшымыз – бірінші орын иегерлері, олардың төртеуі спорт шеберлері атағына ие. 4 спортшы Қазақстан Ұлттық құрамасының қатарына енген.

Көркем гимнасшылар бүгін Алматыда жол тартты. Олар оңтүстік астанада өтетін жарысқа қатыспақ.

Әспет Әбдірешова