Аптадағы маңызды жаңалықтар

М.Жұмабаев ауданы әкімінің есебі

 

 

 

2012 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспары ойдағыдай орындалды. Ауданға 4208 млн. теңге инвестиция тартылып, жергілікті бюджет кірісі 198 млн. теңгені құраған. Ауылшаруашылығы саласында диқандар әр гектардан 15 центнерден өнім алып, қамбаға 600 мың тоннадан астам астық құйыпты.

Владимир Бубенко, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша «Козел» ЖК маршруттық бағытпен жүретін автобус сатып алуға несие алды. Ал «Ысқақовқа» ЖК мұздатқыш қондырғысы бар ет таситын автокөлік алу үшін қаржы берілді. «Бәйтерек» селолық несиелік серіктестігі өткен жылы жалпы сомасы 250 млн. теңге шамасында 15 несие берді.

Ауданда 250 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы басталды. Оған мемлекет қазынасынан 1736 млн. теңге бөлініпті. Емдеу мекемесінің құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Ауданда түйіні тарқатылмаған мәселелер де баршылық. Солардың бірі – отын бағасының шарықтауы. Өңір жетекшісі аудан әкіміне бұл мәселені назарсыз қалдырмай, тез арада шешуді тапсырды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Жақында Елбасының өзі билік басындағылар халықпен тікелей жұмыс істеу керек дегенді айтты. 6 орман тұтынушысы отын бағасын белгілемей тұрып, тұрғындармен кеңессін. Барлық жағдайды ескеріп барып, бағаны белгілеген дұрыс. Мәселені созбай, тезірек шешуді талап етемін.

Кездесуде аудан тұрғындарын алаңдатып отырған өзге проблемалар да қаралды. Бүгінде жергілікті халық арасында су, жол, зейнетақы мәселелері өзекті болып отыр. Мұның барлығын өңір басшысы өз бақылауына алды.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» ОТРА тілшілер дайындады