Қоғам

Интернационалист жауынгерлерді еске алуға арналған митинг

 

 

 Ең алдымен жиылғандар ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді 1 минуттық үнсіздікпен еске алды.
Кейін интернационалдық борышын өтеп, жат жерде көз жұмған Илья Клепальскийдің мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойды. Жерлесіміз 18 жасында әскерге шақыртылып, майдан алаңына түскен. Жауынгер бұл шайқастан оралмапты.

 Ирина Щербановская, Илья Клепальскийдің апасы:
-Інімнің әскери борышын өтеу мерзімінің аяқталуына 1 ай қалғанда соғыста қаза тапты. Ол кезде 20 жаста ғана еді. Бұл бізге ауыр тиді, жанымызға жара салды.  

Кейін аға буын өкілдері оқушылармен кездесіп, 10 жылға жуық созылған соғыс жайлы баяндады. Өз басынан өткен ауыртпалықтарды айтқандардың бірі – Мұратбек Қожахметов. Әскерде борышын өтеп жүрген сарбаздың нағыз шайқасқа қатысамын деген ойы да болмаған. Өйткені оларды еш ескертусіз майдан алаңына апарған көрінеді.

 Мұратбек Қожахметов:
-1979 жылы бізді оқу-жаттығуға барасыңдар деді. Жиналып, эшелонға отырып шықтық. Барғанымыз Ауған жері болып шықты.   Соғыс деген ауыр нәрсе. Қорқасын. Әр адам қорқады. Өйткені ол ойын емес. Қырғын.

№40 мектептің жанынан 2010 жылы «Жас батыр» әскери-патриоттық клуб ашылыпты. 80-ге жуық оқушы оның мүшелігіне енген екен. Бүгін олар үйренгендерін қонақтарға көрсетті. Жалпы мектепте мұндай шара жыл сайын ұйымдастырылады екен.

 Абылайхан Рақымжанов,  №40 мектеп жанындағы “Жас батыр” әскери-патриоттық клубының ұйымдастырушы педагогы:
-Ардагерлердің бүгінгі шараға берген бағасы жақсы. Олар риза. Балалардың әскери өмірге деген қызығушылығы артуда. Оқушылар мен ардагерлердің арасындағы бірегей жұмыс жүргізіледі. Осындай шаралардың пайдасы өте зор.

Жиылғандар оқу ошағындағы шағын мұражайды да аралады. Мұнда қарудың түр-түрі мен әскери жабдықтар қойылған.

Айдана Демесінова