Құқық қорғау органдары

Алаяқтық көбейіп барады



 

Ішкі істер департаментінің қызметкерлері белгісіз хабарламалар мен телефон қоңырауларына сақтықпен қарауды сұрайды. Соңғы кездері жақыныңыз жол апатына ұшырады немесе қауіпті жағдайға тап болды деп, оны шешу үшін ақша талап ететін алаяқтық оқиғалар жиілеп кеткен. Мұндай күдік тудыратын ақпарат келсе, 102 номеріне хабарласу керек дейді тәртіп сақшылары. 86 жастағы қала тұрғыны Николай Науменко осындай алаяқтық оқиғасына тап болғандардың бірі. Одан күдіктілер полицияға түскен ұлын құтқару үшін 3 мың АҚШ долларын талап еткен.

Николай Науменко,  жәбірленуші:
-Мен басында қажетті ақшаның жоқ екендігін айттым. Сосын олар менен қанша ақша бар екендігін сұрады. Оларға өз жерлеу рәсіміме жинап жүрген 100 мың теңгем ғана бар деп айттым. Сол ақшаға олар ұлымды босатуға келісті.

Жыл басынан бері қаламызда оннан астам адам алаяқтардың қармағына іліккен. Олардың көбі – зейнеткерлер. Петропавл қаласының 49 жастағы тұрғыны да жалған ақпаратқа сеніп, алданып қалыпты. Жәбірленуші әйел өзінің ақшасын ғана емес, құнды зергерлік бұйымдарын да берген. Мұның бәрін ол үй алдындағы қардың үстіне қойып, үйіне ұлын тосуға кеткен екен. Полиция қызметкерлері осындай алдын алу жұмыстарын жиі өткізіп тұрады. Олар тұрғындарды аса сақ болуға шақырып, қоғамдық орындарда ақпараттандыратын түрлі плакаттар іліп қойды.

Әспет Әбдірешова