Ауыл шаруашылығы

“Агробизнес-2020” бағдарламасы



 

Агроөнеркәсіп кешені – ел экономикасының басты табыс көздерінің бірі. Ауыл еңбеккерлерінің кәсібін жаңа деңгейге көтеру керек-ақ. Фитосанитарлық және ветеринарлық қауіпсіздікті жетілдіру міндеті тұр. Әсіресе егін және мал шаруашылықтарын әртараптандыру қажет. Ол үшін озық үлгідегі тың үрдістерді екінің бірінің ендіруге қауқары жоқ. Бәрі келіп қаржыға тіреледі. Бұл орайда Үкімет  отырысында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков “Агробизнес-2020” жаңа жоба ұсынды. Бастысы еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отандық тауарөндірушілерді қаржылай сауықтыру. Бүгінде екінші деңгейлі банктер шаруа қожалықтарына тиімділігі шамалы 300 млрд теңгенің несиесін рәсімдеген. Кіші-гірім агроқұрылымдардың үштен бірі соның өзіне кепілдігі болмай отыр. Министр бұл механизмді жеңілдету керектігін тілге тиек етті. Ендігі кезекте лизингтер мен несиенің пайыздық үстемеақысын қайтарымсыз 50 пайызға дейін қысқарту көзделген. Өнімді сақтандыру міндеттеледі. Бұл бағдарлама мүмкіндіктерін қолжетімді ету қамында. Мемлекеттік қолдау 4,5 есеге ұлғайтылмақ. 8 жылға жоспарланған жаңа жоба аясында агроөнеркәсіп саласына 3 трлн. теңге жұмсалмақшы. Бұл кешенді шара нәтижесінде өндіріс көлемі 1,5 есеге, еңбек өнімділігі 3 есеге артады деп күтілуде. Жиында сөз алған агроқұрылымдар басшылары үлкен демеу болатын жаңашылдықты толықтай қолдайтындарын жеткізді. Ұсыныс қабылданды. Премьер-Министр Серік Ахметов бастаманы жүзеге асыруда бірқатар міндет жүктеді. Селекторлық байланыс үзілген соң облыс әкімі Самат Ескендіров те қарамағындағыларға қаралған мәселе бойынша тапсырма берді.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әр жолдауында агроөнеркәсіп кешеніне ерекше көңіл бөледі. Жаңа бағдарламада ауылшаруашылығының бар саласын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Жоба қабылданды, енді нақты істерге көшу керек. Агроқұрылым жетекшілері жобадан шет қалмауы тиіс. Әрбір шаруа бағдарламамен жіті танысатындай жағдайлар жасау керек. Әкімдердің есептік кездесулерінде бар басымдылықтары көтерілетін болсын.  

Жеңіс Ермұқанов